iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Нұрғали Нүсіпжанов

Бұл мәлімет 437 рет қаралды

Нұрғали Нүсіпжанов Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлкеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар Одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында 1937 жылдың 5 қаңтарында қарапайым шопан отбасында дүниеге келді. Оның ата-бабалары ежелден осы өлкенің күңгей-теріскейін мекендеген. Нұрғали Қоғалыдағы орта мектепте оқыған жылдарында әнге құмартты. Көркемөнер ұйымының құрамында үшінші сыныпта жүрген шағында сайлау алдындағы ата-аналарға арналған концерттердің бірінде «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін орындағаны үшін мақтау қағазын алды. Дегенмен, отбасы жағдайына байланысты мектепті тәмамдаған соң, екі жылдай қой бағуына тура келді. Қой отары жазда Жоңғар тауының Алтынемел жотасындағы жайлауға шығарылатын. Бауырға дейін келетін көк майса шөп, кіршіксіз таза ауа, жанға жайлы тау самалы Нұрғали Нүсіпжанов денсаулығының шыңдала түсуіне зор ықпал етті. Табиғатқа жақын өскен бозбала ат құлағында ойнап, серігі де, ермегі де жылқы болатын. Ұлы Жібек жолының керуені осы аймақты басып өткен. Абылайдың шөбересі Тезек Төренің қонысы болып есептелетін Матай шоқысының бөктерінде Шоқан Уәлихановтың зираты, ескерткіші және мұражайы орналасқан.

1950-жылдардың соңында «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, жазушы Алексей Брагин бірде Нұрғалиға өрісте кездесіп, әнін тыңдаған соң: «Жазда міндетті түрде консерваторияға оқуға баруың керек», — деп жол сілтейді. Нұрғали Нүсіпжанов студенттер мен жастар арасында Мәскеуде өтетін фестивальге жолдама алу үшін ауылдық, облыстық конкурстардан өтеді. Ақыры Алматыдағы қорытынды байқауға қатысты. Әділқазылар алқасы Нұрғалидың ән салушылық қабілетін көріп, консерваторияға қабылдауға ұсынды. 19 жасқа келген Нұрғалиды ән өнерін кәсіби, жан-жақты білім алу мақсаты алға тартты. Ол 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол белгілі ұстаз — Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның класында жеті жыл оқыды. Ұстазға Нұрғалидың кең тынысты, сазды дауысы ұнады. Нұрғали Нүсіпжанов ата-ана кіндігінен жалғыз еді. Жұбайы Айгүл консерваторияның дирижерлік-хор факультетінде профессор Ләззат Айдарбекованың алғашқы шәкірті болған. Нұрғали мен Айгүл бес сұлу, еңбекқор, ақылды қыздарды дүниеге әкелді. Олардың ішінде: Бибігүл — консерваторияның фортепиано факультетінде білім алды. Алма -тіс дәрігері; Дариға — экономист; Нұргүл де консерваторияны аяқтаған пианист, ал кенжелері Нұрзар 10 сыныпта оқиды. Нұрғали Нүсіпжанов консерваторияны бітірген соң Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілді. Осы кезде Нұрғали Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастаған. Мұнда ол екі жылдай әншілік қызмет атқарды. Ол жеке әнші болуды аңсады. Қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетіне әкелді. Бұл ұжымда Нұрғали музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді. Осы ұжымда Нұрғали Нүсіпжанов (1966 — 76) он жыл қызмет етті. Қызмет бабы Нұрғалиға әншілікті кең атқаруға бағыштады, ол концерттерге тікелей қатысуды қалады. Оның бұл талабы 1976 жылы орындалды. Нұрғали Нүсіпжанов Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, ол әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды.

Нұрғали Нүсіпжанов: -Мен әнді санын емес, сапасымен өлшеймін. Әр әнді әбден «жауыр болғанша» жұртты мезі етіп айта бермеймін. Репертуарымды үнемі жанартып отыруға тырысамын… Мен ән таңдаған кезде ақын-сазгерлердің атақ-даңқына қарап емес, әннің мақамына, әуен-әуезіне немесе мансабына қарап емес, саздың жан дүниеңе жақын сұлу бітім-болмысына қарай қабылдаймын. Тағдыр маған табиғи талант пен оның өрісінің кеңеюіне жол ашса, анам бесік әлдиімен баяу салған ән ырғағымен көңіліме әнге деген мәңгілік құштарлық отын тұтатты, — дейді. Нұрғали сүйіспеншілікпен- Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұқамеджанов, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Базарбай Жұбаниязов, Мыңжасар Маңғытаев, Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаев, Дүнгенбай Ботбаев сынды композиторлардың әндерін орындайды. Ол сонымен қатар елді-мекендерде жүрген әуесқой аталатын сазгерлердің де әндерін жұртшылыққа кеңінен таныстырып, насихаттауды өзінің әншілік еңбегінде дәстүрге айналдырды. Нұрғиса Тілендиев Нұрғалиға «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Нұрғиса Тілендиев: «Шәмші ән әлеміндегі менің туған інімдей еді. Қай әні болмасын, халыққа тез жету себебі оның халықтық нақышында екендігінде», — деген. Нұрғали Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта», «Қаракөз», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Ана туралы жыр», «Ақ бантик» сияқты әндерін бүгінгі күнге дейін орындаудан жалыққан емес.

Шамғон Қажығалиев: — Нұрғали репертуары өте бай, әрі жан-жақты әншілеріміздің бірі. Халық мұрасына ерекше ден қоюы оның өз халқының жанын терең түсінуіне көмектессе, замандас авторлардың шығармаларын орындау арқылы уақытпен тыныстап, оған үн қосуда. Ол арлы әнші, азаматтық парасатты биік ұстайтын өнер иесі, кішпейіл жолдас, — деп оның өнерін жоғары бағалайды. Нұрғали Әсет Бейсеуов туралы: «Әсет өзінің сазгерлік өмірінде жастықты жырлап өткен композитор еді. Сондықтан да соңғы жинағындағы 500 әннің 250-дейі кілең қыздар мен жігіттердің жүрек тербер ой-арманын, махаббат сүйіспеншілігін жырлайды», — деп ерекше ілтипатпен есіне алады. «Алтыным», «Ағаларым», «Сағынып аңсап келемін», «Жұлдызым», «Шақырады көктем», «Оралсаңшы махаббат», «Мұңайма», «Бұл-бұлым» әндерінің біразы Нұрғалидың репертуарына тұрақты енген. Ол өзінің екі бөлімнен тұратын концертінде Әсет әндерінің талайын орындады. Нұрғали Нүсіпжанов әнші бакыты деп халықтың әнін терең, мейлінше түсініп орындау деп есептейді. Халық ортасында дарынды әнші ең бір белгілі, танымал адам. Сахна залында жиналған тыңдаушылардың әнді бар ықылас сезімімен, ынтызарлығымен түсіне елтіп тыңдауы әртістің мерейін көтереді. Ол осы тұрғыда: — Менің кешімнен соң, жұрттың көңіліне әдемілік, парасаттылыққа деген сенім ұяласа, мен үшін зор бақыт, — деп орынды айтты.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында Нұрғали Нүсіпжанов пен Ескендір Хасанғалиевтың қазақтың көп әндерін дуэтпен орындауы халықты тәнті ететін. Нұрғали Нүсіпжанов: «Халық үшін жасалатын шаруаны атқару өте қиын. Тыңдарман қашан да сыншы… Қазақ өнерін дәріптеп жүрген жандарға қоятын елдің талабы өте жоғары. Өмір қасқағым, өнер мәңгілік. Өнерге жасаған қызметің арқылы халық өзінің бағасын береді», деп ой шертеді. Ол сүйкімді, әдемі баритон дауысқа ие. Ол үшін әншілік — тынымсыз, толассыз, үзілмес еңбек жолы. Әрі қарай тағы да: «Біздің ана тіліміз қандай анық, кең тынысты, мағыналы, өзінің ерекшелік қасиетімен оқшау танылатын болса, музыка тілі де осыған сәйкес дамып отыратын тарихи ақиқат. Ұлы тұлғалардың ұрпақтары екеніміз рас болса, ертеңгі ел намысын, ел болашағының санасына сіңіруіміз керек. Ұлтымыздың келешек ұрпақтарын тәрбиелеуде салғырт қарауға болмайды», — дегені ұзақ жылдар бойы қазақ халқының ән өнері арқылы мәдениетін дамыта, тіл өрнегін айшықтай түсуі барынша міндетті үлкен мән беретіндігін өмір бойы дәлелдер дегендігі болып табылады. Ол қазақ патриоттарының алдыңғы шебінде. «Мен жер шарының көптеген елдерін аралап көрген адаммын. Олардың дербес мемлекет болып, өздерінің төл мәдениетін мадақтап, елінің рухына қызмет етуі басқа еш халықтың мүддесіне нұқсан келтіріп жатқан жоқ. Қайта бірге, қатар өсіп-өркендеуде. Әр халықтың өнері мен ғылымы өз Отанында ғана дамиды», — деп Нұрғали Нүсіпжанов пайымдайды. Ол 1970 жылы бір топ әртістермен бірге Швецияға концерттік сапармен барды. Бұл елде біраз қазақтар мекендейді екен. Солардың ішіндегі бір үйде қонақта болғанында аңғалдау жігіт Нұрғалиға: «Сендерде бостандық жоқ, орыстың құлысыңдар. Біз болсақ міне, мінгеніміз «мерседес», өз еркіміз өзімізде. Бір жылға қалыңыздар. «Азаттық» радиосымен бір миллион долларға келісім шартқа отырғызамыз. Күллі әлемді көрсетеміз, әйтпесе сендердің мына өмірлерің не өмір», — дейді. Әрине, бұл сөздер Нұрғалидың намысына тиеді, оны миллион доллар қызықтырмайды.Ондай ұсынысты қабыл алмады. Нұрғали Нүсіпжанов Швециядан басқа Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Иемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Греция, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша және Қытай, ТМД-ның барша елдерінде концерттерге қатысып, қазақтың әндерін молынан таныстырып, насихаттады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>