iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Мұхтар Шаханов өмірбаяны

Бұл мәлімет 1 972 рет қаралды

Мұхтар Шахановты Қазақ елінде білмейтін, танымайтын жан жоқ. Оның туындыларының қазақ әдебиетінің баға жетпес жаһарына айналғанына көзіміз анық жетеді. Ақындығын мойындадық, ал азаматтығын тани алдық па? Шығармашылығы өз алдына, қайраткерлігі мен қайсарлығы туралы айтар әңгіме бір, жоқ, бірнеше ғылыми еңбектің өзегі болар еді. Мінберлерде ойын тайсалмай жеткізіп, дәлелдеп жүретін азаматтың сыртынан қарап, оның көңілінің баладай аңғал, жүрегінің кең, жанының терең екенін бірден ұғыну мүмкін емес. Бірақ шындығы солай…

Қадірлі Мұхтар аға! Кеңестік қызыл биліктің құрығы ұзын, қылышы қынабында тұрған шағында, желтоқсан ызғарында ұлттық намысын ұрандатып шығып, аяусыз жазаланған ұлтымыздың арын Мәскеу төріндегі мінберде қоғағаныңыз үшін, ұлттың ұлылығын дәлелдейтін шақтарда үнсіз қалмағаныңыз үшін сізге басымызды иіп, алғыс айтамыз. Дара, дана екеніңізді бағалаған баладай аңғал, бауырмал да қайсар халқыңыздың атынан сізді мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Қазақ поэзиясының әлемінде Мұхтар Шаханов атты асқар биік тау барлығын қалың қазағыңыз жақсы біледі. Ол таудың басындағы бұлақтың мөлдір суы — сіздің шығармаларыңыздың бастауынан бүгінгі ғана емес, кейінгі ұрпақ та мейірі қанғанша сусындай бермек. Ұлтыңыз үшін ақын ретінде ғана емес, азамат ретінде атқарған әр қызметіңіз Алладан қайтсын!

Мұхтар Шаханов «төрт ана» өлеңі:

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ — түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ИЛІ — мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРІ — тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі,
Және ТУҒАН ТАРИХЫ,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болсада.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашан да бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана — тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес — күрестердің ұлысы!

Мұхтар Шахановтың қысқаша өмірбаяны:

Мұхтар Шаханов 1942 жылдың екінші шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында өмірге келді. Мамандығы тракторшы, филолог. 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын сырттай тәмамдады. КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1969), КСРО Жазушылар Одағының пленум мүшесі (1978), «Жалын» альманахының (1984), «Жалын» журналының бас редакторы (1986), Қазақстан Республикасының халық жазушысы (1996), Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының хатшысы (1986), Республикадағы тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары туралы қоғамдық комитеттің басшысы (1988), 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы аясында қазақ халқына «ұлтшыл» деп жала жапқан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының қаулысына қарсы және сол Желтоқсан кезіндегі шындықты қалыптастыру жөнінде тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында (1988), КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде (Кремль, 1989) ержүрек мінез көрсетті. КСРО билігі бұған мән бермеген соң белгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты А.Сахаровтың, кейіннен Ресейдің тұңғыш Президенті болған Б.Ельциннің қолдауымен бұл проблеманы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында екінші рет қайта көтеріп, КСРО Президенті М.Горбачевты Желтоқсан оқиғасын зерделеу және оған түпкілікті баға беру жөнінде жаңа комиссия құруға мәжбүрледі. Бұл комиссия КСРО билігі жүріп тұрған кездің өзінде-ақ КОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросына Одақта бірінші боп саяси айып тақты…

М.Шаханов 1926 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған «Наурыз» мерекесінің 62 жылдан соң қайта салтанат құруына мұрындық болды (1988 ж.). 1989 жылы 22-қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже берген заңды қабылдап, тіпті оған дүркірете қол соғып қойғанда, екінші рет қайта шығып сөйлеп, депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасауға үндеді және қабылданған заңның үлкен зардабы болатынын ескертті. М.Шаханов ұсынысы Президенттің қолдауымен дауысқа қайта салынып қазақ тілі жекедара мемлекеттік мәртебе иеленді. Ақын соңғы жылдары «үш тұғырлы тілге» де, тікелей қазақ елінің және республикадағы аз ұлттарды тікелей құртуға алып келетін, бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа» да батыл қарсылық танытып келеді.

 

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>