iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Мигель де Сервантес өмірбаяны

Бұл мәлімет 196 рет қаралды

XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың басында өмір сүрген испан әдебиетінің ірі өкілі, реалистік романның негізін салған гуманист жазушы Мигель де Сервантес Сааведра 1547 жылы қыркүйек айының 29-да Испанияның Алькала-де-Энарес қалашығында дүниеге келді. Әкесі Родриго де Сервантес Сааведра емшілікпен күн көретін адам еді. Сондықтан ол бір қаладан екінші қалаға жиі қоныс аударып отыруға мәжбүр болды.

Мигель де Сервантес 1557-1561 жылдары иезуиттер мектебінде оқыды. 1561 жылы отбасы Мадридке көшіп барған соң, оқуын осы жерде жалғастырады. Осы жерде бозбала Мигельде өлеңге деген алғашқы құмарлық оянады. Филипп II-нің әйелі Исабелланың өліміне арналған сонеттері жас Сервантестің поэзия саласындағы тұңғыш өлеңдері еді. 1569 жылы Сервантес Римге барып, папаның өкілі Аквавия құзырында жұмыс істейді, 1570 жылдың екінші жартысында Италияда орналасқан испан қосынына қызметке ауысады. Жоңшылың өз Отанын тастап кетуге мәжбүр қылады.

1571 жылы Лепанто маңындағы түріктермен болған теңіз шайқасында Сервантес үш рет жараланады. 1572 жылдың сәуір айына дейін Мессино госпиталінде емделеді. 1574 жылдың аяғында әскер ретінде тағы да бірнеше шайқастарға қатысады, 1575 жылы ол әскери қызметінен босатылып, інісі Родригомен бірге Отанына оралады.

1575 жылдың қыркүйегінде жолда келе жатқан Сервантесті қарақшылар тұтқындап, Жазоирге алып келеді. Осыдан соң оның Африкадағы құлдық өмірі басталады. Тұтқында жүрген Сервантес достарын құтқармақшы болып көп әрекеттенеді, өзі де бірнеше рет түрмеден қашпақшы болады. Бірақ бұл әрекеттердің барлығы да сәтсіз аяқталады.

Сервантестің ата-анасы аңша жинап, ұлдарын тұтқыннан босатуға ұмтылады. Сервантес 1580 жылдың 19 қыркүйегінде азаттыққа шығып, еліне оралады. Бұл уақытта оның отбасы біраз кедейленген, ата-анасының жиған-тергені Родриго мен Мигельді құлдықтан құтқаруға жұмсалған еді. Қартайған әке бұрынғы емшілік кәсібін тастаған болатын.

Сервантес бірер әскери мансапта жұмыс істеу ниетінде Испанияға қосылған Португалияға барады (1581). Бұл жерде де жолы болмаған Сервантес Мадридке қайтып келеді. 1584 жылдың желтоқсан айында ұсақ дворян отбасынан шыққан Каталина есімді қызға үйленеді. Әкесі қайтыс болған соң (1585), түрлі шаруашылық істермен айналысуға мәжбүр болады. Сондықтан әдеби қызметі ұзақ уақыт үзілісте болады. Алдын әскерге азық-түлік дайындаушы интендант (1587-1594), соңынан төленбеген салықтарды өндіруші агент ретінде іске кіріскен Сервантес аңғалдығының кесірінен, жазықсыз жапа шегеді. 1592 жылы «жиналған астықты қате сараптады» деп айыпталып, түрмеге жабылады. Басқа да жұмыстарынан кемшіліктер табылады. Севилия қаласының банкирі Мадридке өткізілетін ақшаны уақытында жібермейді, мұның үстіне ақшаның құны түсіп қалады. «Өндірілмей қалған салықтар үшін кінәлі» деп Сервантес 1597 жылы тағы да қамалады. Соңырақ бұл оқиғаға қатысты дау-жанжал қайта көтеріліп, Сервантес 1602 жылы үшінші рет абақтыға түседі.

Сервантестің «Дон Кихот» романын жазуы, оның өміріндегі осындай ең қиын, ауыр кезеңдерге тура келеді. 1604 жылы корольдіктің жаңа астанасы деп аталған Вальядолидке келгеннен соң, оның әдеби қызметіне жағдай туады. Осы жерде «Дон Кихот» романының бірінші бөлімі баспадан шығады (1605). Мұнан кейін он төрт хикаяны қамтыған «Ғибратты новеллалар» жинағы (1613), «Парнасқа саяхат» (1614) поэмасы басылады. 1615 жылы «Дон Кихоттың» екінші бөлімі жарияланады. Осы жылы оның «Сегіз комедия және сегіз интермедия» атты пьесалар жинағы да жазылады.

Сервантестің соңғы шығармасы «Персилес пен Сигизмунданың саяхаты» романы жазушы дүниеден өткен соң ғана жарияланды. Антика классикалық және Қайта өрлеу дәуірі әдебиетімен жақыннан таныс, әскери қызмет пен шайқастарға қатысқан, бес жыл тұтқында болған, мұнан да өзге едәуір азаптарды басынан өткізген Сервантестің дүниетанымы гуманистік мазмұнда қалыптасты. Бұл жағдайлар оның ірі реалистік жазушы дәрежесіне көтерілуіне мүмкіндік берді. Сервантестің үздік әдеби таланты оның «Дон Кихот» шығармасында айқын танылады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>