алаш

Кеңестік билік және қуғындалған алаш қайраткерлері

ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында саяси күреске шыққан ұлт зиялыларының әрбір қадамы патша үкіметі тарапынан бақылауға алынып, үкімет саясатына қарсы шыққандар қуғындалып, алдына айыппұл салынса, «аса қауіпті» атанғандардар ұзақ мерзімге басқа өнірге жер аударылды немесе абақтыға қамалды. Ұлтымыздың алдыңғы қатарлы зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев және т.б. патша үкіметінің жүргізіп отырған отарлау, қоныстандыру, орыстандыру саясатына қарсы шығып, мерзімді баспасөзге мақалалар жариялап, патша атына үндеухат ұйымдастырғаны үшін түрлі жазаларға тартылды.

Кеңестік жүйе орнағаннан кейін бұрынғы алашордашыларды қудалау одан әрі жалғасты. Негізінен алашордашыларға 1919 ж. 4 сәуіріндегі және 1920 ж. 15 көкектегі бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің қаулыларымен кешірім жарияланып, олардың көпшілігі мемлекет қызметіне тартылып, коммунистік партия қатарына өткен болатын. Дегенмен де үкімет тарапынан оларға деген сенімсіздік басым болды. Сондықтан алаш қайраткерлерінің қызметіне күдікпен қарап, әрбір істері жіті тексеріліп отырды.

Ұлт зиялысы А. Байтұрсынов 1920 ж. 17 мамырында В.И. Ленинге жазған хатында кеңес үкіметінің қазақ интеллигенттеріне әлі сенімсіздікпен қарап отырғандығын айқын айтқан болатын. «… қазақтардың арасында халық сенім артатын, қателесетін де, адасатын да, бірақ өз елінің игілігі мен табысын ешқашанан сатпайтын интеллигент тобының барлығын» жаза келе, орыс пролетариаты қазақтардың сеніміне осы қазақ зиялылары арқылы кіретіндігін, ол үшін кеңестік билік оларға сеніммен қарау қажеттігін білдірді. А. Байтұрсынов қазақтардағы басты қиындық олардың кешегі қанаушыларға сенбесе, ал кеңестік билік кешегі өздерінің қарсыласына сенімсіздікпен қарайтындығын, оның себебін, «интеллигенттер кеңестік жүйені бірден мойындап, большевиктердің соңынан ермеді, революцияға дайындықсыз болғандықтан, тәуекелге баруға қорықты» деп тұжырымдаған.

Шындығында да Алаш зиялыларына деген сенімсіздік оларды қызметтен шектеді. 1920 жылдың 2 маусымында Пестковскийдің қол қоюымен қазақ облбюросы Ж. Досмұхамедов басқарған Батыс Алашорда үкіметінің мүшелерінің арасынан қызметке жарамдыларды ғана таңдап, ал қалғандарын белгілі уақытқа мүлдем оқшаулау керектігі жөнінде қаулы қабылданды [2]. Қыркүйек айында қазақ облбюросына қазақ интеллигенциясы арасында түрлі саяси ағымдардың барлығы жөнінде мәлімдеме түсті. Оның бірі шовинизмен араласқан ұлтшылдықты көксеген ағым болса, екіншісі интернационалдық рухтағы коммунистердің бағыты. Кеңес үкіметі тұсында Ұлтшылдықты көксеген бағыттағы бұрынғы Алаш партиясының мүшелері ақгвардияшы бандылармен бірігіп, кеңестік жүйені жақтаушыларды аяусыз қырғынға ұшырауда. Қулықпен партия қатарына өтіп алып іріткі салуда делінді. Бұлардың қатарынан Бөкей облысындағы Орда ұйымына патша үкіметі тұсында ірі қызмет атқарған Батырхайыр Ниязов, Мәжит Шомбалов, Досғұл Темірәлиевтер аталып, оларға барлық саяси жұмысты өз қолдарына алмаққа бекініп, кеңес жұмысына кедергі келтіріп отыр деген айып тағылды. Тез арада осындай элементтерден партия қатарын тазарту керектігі келтірді [3].

1920 ж. 20 қазанында халық комиссарлар кеңесінің қаулысында бұрынғы Алашорда үкіметін жақтаушылар қуғындауға түспейтіндігі айтылған болатын [4]. Дегенмен кеңестік билік «алашордашылар кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасауы мүмкін» деген күдіктен арылмады. Керісінше мемлекет қызметіне тартылған алаш мүшелерінің сыртынан астыртын бақылау орнату, қызметтерін тексеру сияқты тәсілдер кеңінен қолданды.

Үкімет бұрынғы алашордашылардың мемлекеттің жауапты қызметте отыруынан қауіптеніп, олардың саяси ықпалының коммунистер арасына жайылып кетуі мүмкін деген қорқынышта болды. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтылмаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партияның конференциялары мен жиналыстарында қозғала бастады. 1921 ж. 11-18 маусымында Орынборда өткен РК(б)П Қазастан облыстық бірінші конференциясында Ұлт мәселесіне орай Қазақ облбюросы мен Қазақобкомының жауапты (бірінші) хатшысы М. Мырзағалиев жасаған баяндамасында «қылмыскер алашордашылардың қазақ арасында қызметке кірісуі қателік емес пе» деген сауал қойған [5].

Алашордашыларды қудалаудың басталуы 20-шы жылдары партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында байқалды. Мәселен, 1921 жылдың қарашасында А. Байтұрсынов партия қатарынан шығарылған. Оған бұрынғы Алашорда мүшесі болған, әрі партия жиналыстарына бармады, уақытылы мүшелік жарна төлемеді деген айыптар тағылды. А. Байтұрсынов аудандық партия ұйымына жазған өтінішінде бұл айыптарды жоққа шығармайтындығын, бірақ оның өзіндік себебі барлығын дәлелдеуге тырысты. Партия ұйымы өзін партия қатарына қабылдарда Алашорданың бірден-бір ұйымдастырушысы болғандығын білгендігін, ал партия жиналысына қатыспауының себебі қазақ оқулықтарын жазуға көп көңіл бөліп, осы істі маңызды санағандығынан, жарнаны уақытында төлеу партия ісінде ешқандай да маңызды рөл атқармайтындығын түсіндіре келе, коммунистік идеяға қарсы келетін әрекеттермен партия қатарынан шығаруды негізсіз деп санап, бұл шешімді жоюды өтінді.

1922 жылы 19 ақпанда Қазақстан облыстық екінші партия конференция- сында ұлттық мәселені шешу мәселесі бойынша сөз сөйлеген Авдеев партия ұйымында алашордашылардың жаңа рухы басым екендігін, «біз оларды емес, олар бізді пайданып отыр» деп байбалам салған [7]. Бұл жерде Қазақстанда болып жатқан қиыншылықтардың шығу себебіне осы алашордашылар кінәлі деген де пікірлер туындағаны айдан анық. Мемлекеттік қызметке бұрынғы алашордашылардың тартылуы шынды- ғында да партия қатарындағыларды мазасыздандырды. Мысалы, 1922 жылы 16 қазанда болған Қазақ облыстық комитетінің президиумы отырысында А. Кенжиннің Алашордадағы қызметі талдауға алынған [8]. 1922 жылдың 2 желтоқсанында өткен РК(б)П Комитетінің өкілдері мен Торғай уезінің Атқару комитетінің төтенше мәжілісінде бұрынғы алашорда- шыларды жауапты қызметтерден аластату мәселесі қарастырылды. Осындай шешімдерден кейін баспасөздерде бұрынғы алашордашылардың кеңес саясатына аса қауіптілігін дәлелдей көрсеткен мақалалардың жариялануына жол ашылды. Құпия түрде алашордашылардың әрбір басқан қадамдары бақыланды. Мемлекеттік саяси басқармасының шығыс бөлімі алашордашылардың үстінен түрлі мәліметтер жинап отырған. Мәселен, 12 желтоқсандағы мәлімдемеде Ә. Бөкейханов 7 желтоқсанда Москваға Сталинге жолығуға жол жүріп кеткен. Агенттің айтуынша, Бөкейханов Москвада қалып, Ұлттар жөніндегі Халық комиссариатында қызметке кіріспекке бел буған, Ә. Бөкейхановтың алашордашылар М. Дулатов, А. Байтұрсынов, А. Кенжин және т.б. кездес- кендігі де айтылды [9].

1923 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қараша аралығында Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарманың (ОГПУ – С.С.) қысқаша мәліметінде алашордашылардың кейбір көрнекті өкілдері экономикалық жағдайдың жайсыздығын пайдаланып, қазақ жұртшылығының арасына барып, кеңес құрылысына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырғандығы айтылды [10, 132-б.]. 1925 жылы Қазақ Өлкелік партия комитетіне Ф.И. Голощекин хатшысы болып келгеннен кейін де ұлт зиялыларын «жікшілдік» пен «ұлтшыл» ретінде айыптау ушыға түсті. 1927-1929 жылдар аралығында қазақ зиялыларының арасында өзіндік пікірі бар азаматтардың барлығы да «ұлтшыл» деген айыппен қызметтен қуыла бастады. Олардың қызметінен кемшілік, қателік ізделінді. Мерзімді баспасөз арқылы сынды, өзара сынды күшейту мәселесі қолға алынып, ұлтшылдарға соққы беру науқаны пәрменді түрде жүргізіле бастады. Нәтижесінде бір-бірінің сынын әшкерелеген материалдар үзіліссіз басылды. Сөйтіп 20-жылдың соңында жоғарғы партиялық нұсқау бойынша Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) қоғамдағы «әлеуметтік жат топтарды» анықтап, оларды жаппай қамауға алуға құлшына кірісті. Әрбір облыста, аудандарға үкімет ісіне қарсы әрекет етушілерді, оның ішінде бұрынғы Алашордашыларға ниеттес болғандарды нақтылау мәселесі тапсырылып, айқындалғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

1928 жылдың наурызында Донбастағы Шахта ісі бойынша «контррево- люциялық ұйым» әшкереленіп, 55 инженерлер мен техниктер қамауға алынып, оның бесеуі атылып, көпшілігі 10 жылға сотталды. «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 11 нөмірінде Шахты оқиғасының Қазақстанда қайталанбауына жол берумеу үшін қырағылықпен күресуге шақырды. Ол үшін сын мен өзара сынды күшейту маңызды саналды. Сын арқылы алашордашылардың ықпалынан туындаған топтар мен жіктердің халық арасындағы «ұлтшыл» іс-әрекеттерін түп-тамырларымен тез арада құртуға болады деп сендірілді [12]. Әшкереленген жіктер мен топтардың іс-әрекеттері алашордашылармен тығыз байланыста болды деп мәлімделінді [13]. 1929 жылы Қазақ өлкелік комитеті мен БК(б)П Өлкелік Бақылау комиссиясының мүшелерінен арнайы тексеру комиссиясы құрылып, К. Тоқтабаев, Ғ. Тоғжанов, А. Кенжин, Ә. Байділдин және тағы басқалардың қызмет барыстары тексеріліп, 13 маусымында өткен мәжілістеоның қорытындысы айтылды. Комиссия жұмысы барысында Кәрім Тоқтабаев 1917 жылы Торғайдағы Алашорда бөлімінің белді мүшесі болып, Ә. Бөкейханов, М. Дулатовтармен бірге тығыз байланысты, 20-шы жылдары «сәдуақасовшылар» жігінде болғандығы айтылса, ал Аспандияр Кенжинге 1918-1919 жж. кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырған Алашорданың Торғай бөліміндегі Әскери кеңестің белді мүшесі [14], Әбдірахман Байділдинге алашордашыл «Бірлік» жастар ұйымында болып, Колчак армиясына белсенді көмектесті, Ә. Бөкейхановпен бірге адъютант есебінде Уфа мен Самарада болған демократиялық мәжілістерге Алашорда отрядтары үшін қару- жарақ пен әскери киім-кешек алу үшін қатысты, 1919 жылы Сібірдегі Колчак үкіметі әскерінің барлау штабының қызметкері болды, 1924 жылға дейін Алашорда қайраткерлерімен байланысын үзбеді, 1925 жылдан «садуақасов- шылдық» топқа белсенді қатысқандығы айқындалды. Тексеру комиссия шешімімен аталған зиялылар партия қатарынан шығарылды [15].

Осы жылдың жаз айының ортасына дейін бұл комиссияның тексеруіне үкімет орындарының жауапты қызметіндегі А. Бөкейханов, Т. Жаманмұрынов М. Жолдыбаев, А. Мусин, Т. Рысқұлов, М. Саматов, А. Сейітов, А. Сейдалин, А. Кенжин, К. Тоқтабаев, Өтемісов, Өмірғазин, Х. Ф. Фазылбаев және тағы басқа қайраткерлер ілігіп, бұларға бай, төре, билердің тұқымы, Алашорда үкіметінің құрамында болған, кейбіреулері кеңес өкіметіне қарсы шығып, большевиктерді қыруға қатынасқан деген айыптар тағылып, айтылған фактілер тексерілді. Бүлардың кейбірі партия қатарынан шығарылып, жауапты жұмыстардан аластатылды [16]. Алаш мүшелері тұтқындалып, тергеліп, 1930 жылдың 4 сәуірінде 44 азамат жауапқа тартылып, түрлі жазаға кесілді. Алаш қозғалысының белді мүшелері А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, М. Есполов, Ж. Аймауытов, барлы- ғы 20 адам бастапқыда ату жазасына кесіліп, ол үкім кейін 10 жылға концла- гермен алмастырылды.

1928-1930 жылдардағы алаш қайраткерлерін жаппай қуғындау халықтың арасына үрей туғызып, үкімет билігіне сенімсіздікпен қарау орын алды. 1931 жылдың 10 шілдесінде Саясибюроның шешімімен 1928 жылы айыпталып қуғындалған инженерлер мен техниктерге қатысты істі тоқтатылып, тез арада түрмедегілер босатылып, қайтадан өз орындарына қызметке қабылдана бастады. Олардың отбасына қатысты қойылған шектеуліктер (мәселен, балаларын жоғары оқу орындарына қабылдамау және т.б.) жойылды. Ендігі жерде халкомның сәйкес келісімінсіз тұтқындауға тыйым салынды. Бұл сәл де болса үйрейлене бастаған халықтың арасында тыныштық әкелгендей болды. Уақытша орнаған тыныштықтың артында үлкен дауыл болары анық еді. Үкімет алашордашылардың үстінен тағы да жат әрекеттерді іздестіріп, мерзімді басылым арқылы әшкерелеу науқанына қайта кірісіп, алашордашы- ларға қарсы жазылған материалдар жариялана бастады. Мәселен, 1932 жылы Асан Сексенбайұлы Ташкентте шығарған «Орта Азия республикаларының баспасөзі 15 жыл социализм күресінде» атты кітабында 20-жылдардың басында алашордашылар кеңестік үкіметке қарсылық ұйымдастырып, мерзімді баспасөз арқылы қарсы шыққандығын: «…қазақтан шыққан байшылдар да (алашордашылар да) ескі Түркістанда (Тәшкенде) 1920 жылы қазақ тілінде «Ақ жол» атты газет, «Шолпан», «Сана» сияқты көркем әдебиет журналын шығарып тұрды. Бұл айтылған газет-журналдар кеңес өкіметінің баспасынан басылып, кеңес үкіметінің ақшасының күшімен шығарылы, олар өз тап- тілектеріне, өз тап мақсаттарына пайдаланып, кеңес үкіметіне қарсы қойды. Бұл газет-журналдар аты шулы «алашордашылардың» ардақты ардагерлері Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке, Досмұхаметұлы Халел сияқтылар басқарған», – деп келтіруі [17, 16-б.]. оларға қарсы қудалаудың тағы бір науқаны басталатынын көрсетіп берді. Кітапта келтіріген «Сана» журналын ұйымдастырып, шығарушы Х. Досмұхамедовқа «журналға ұлтшыл бағыттағы алашордашылардың мақалалаларын жариялады» деген желеумен айып тағылды [18, 376-377-бб.].

Алашордашыларға мерзімді баспасөзді кеңнен өз пайдасына қолдануға тырысты деген де айыптар тағылған. Ұлтшыл газет атанған «Ақжол» газеті алашордашылардың насихат құралы болды делінуін мұрағат құжаттары да растайды. Газет партия мен үкімет тарапынан алашордашылар А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов, М. Әуезовтармен тығыз байланыста болып, ұлтшыл бағыттағы материалдарын жариялап отырды деп сыналған. 1936 жылдан бастап бұрынғы алаш қозғалысының қатарында болған үкімет пен партия қайраткерлері, жазушыларды айыптау одан әрі өрши түсті. Өлкелік партия комитеттерінің мәжілістерінде алашордашылардың қателіктері әшкереленіп, олардың үкімет ісіне қарсы астыртын әрекеттері үшін жаза қолдану мәселесі де көтеріле бастады. «Ұлтшылдыққа» қарсы күресу барысында үкімет тарапынан арнайы тапсырмалар беріліп, «ұлтшылдарды» әшкерелеуге барлық кеңес азаматтарын белсене кірісуге шақырды. Бұл «өзіңді өзің әшкереле», «өзі қателігіңді мойныңа ал» дегенді нұсқап тұрған, ұлтты қорлаған, азаматтың намысын аяққа таптаған, ұлттың өз бетінше өмір сүруін, билеуін жою деген үкіметтің айла-шарасы еді. Өзара сын ақыр аяғы 1937-1938 жылғы алапат қуғын-сүргінге алып келді. 30-жылдың басында тұтқындалып, жазасын өтеп келген алашорашылар 1937 жылы екінші рет тұтқындалып, бұл жолы ату жазасына кесілді. Алаш қайраткерінің бірі Ғазымбек Бірімжанов 1928 жылы желтоқсанда тұтқындалып, 1930 жылдың 4 сәуірінде ОГПУ коллегиясының 58 бабының № 11 тармағымен ату жазасына кесілген еді. Алайда 1931 ж. қаңтарында бұл үкім 10 жылға концлагерге ауыстырылды. Ол 1937 жылы «халық жауы» ретінде тағы да тұтқындалып, үштіктің шешімімен ату жазасына кесілді. Үкімет мәжілістерінде жауапты басшылықта жүргендердің өздеріне қателіктерін мойына алу талап етілді. Аз уақыт ішінде өз қателігін мойындаған және өзгенің қателіктерін әшкерелегендердің қатары көбейе түсті. Өзара сын барысын күшейтуде өтірік қаралау фактілері орын алды. 1937 жылдың 29 шілдедегі ҚК(б)П-ның Оталық Комитеті шешімі бойынша алашордашылардың және ұлтшыл бағытта жазылған әдебиеттерді кітапхана, кітап дүкендерінен, оқу орындарынан қолданыстан алу үшін арнайы комиссия құрылып, үкімет пен партия ісіне жат деген кітаптардың барлығын алынып [20], С. Асфендияров, А. Әлибаев, Ә. Байділдіин О. Беков, І. Жансүгіров, Н. Нұрмақов, Т. Шонанов және т.б. қайраткерлердің кітаптарын қолдануға тыйым салынды. ХХ ғасырдың 20-30 жж. кеңестік жүйенің бұрмалаушылық, қысаң саясатының салдары халықтың рухани санасына қайғы-қасірет әкеліп, ұзақ уақыт бойы ешкімнің көзін аштыртпады. Қазақ зиялыларының басына төнген қауіпке ешкім де қарсы тұра алмады.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.