iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Хасанғалиев Ескендір

Бұл мәлімет 648 рет қаралды

Хасанғалиев Ескендір – қазақ елінің атақты музыка өнерпазы. Қарағандының шахтерлер сарайының концерттік залы. Бүгін мұнда жас әншілердің бір тобы Алматының әншілерімен бірге ән шырқауда. Залда бірде-бір бос орын жоқ. Тыңдаушылар желпіне, тамсана концерт барысын кызықтауда. Біраздан кейін сымбатты, жасы отыздарда Ескендір Хасанғалиев сахнаға шықты. Бұл кезде оның «Анаға сәлем», «Атамекен» және басқа да әндері қазақ халқының қалың қауымына өте таныс еді, жас әншіні Қарағанды көрермендері қызу қабылдады. Сол бойы Ескендір алдыңғы қатарда отырған сүйкімді, көзі тостағандай қызды бірден байқады. Бойжеткен де Ескендірден көз алмады. Ол әнді биік ырғақты, әдемі дауыспен аяқтағанда кыз қолын ұзақ шапалақтады, көз жанары нұрланып, от шашуда. Ескендір келесі орындалар әнін сол қызға арнағандай, тек қана соның нұрлы жүзінен көздерін айырмады. Қыз да оның бұл пейілін түсінгендей жарқырай, шаттана түсті.

Ескендір бұрын да талай сұлуларды — сылқымдарды, көркем бойжеткендерді көрді емеспе?! Дегенмен, бұлжолы оның жүрегінде бірден жалындай оянған сезімі сол қызға ғашықтығын аңғартты. Әріберіден кейін үзіліс жарияланды. Ескендір концертті ұйымдастырушы жігітке: «Сол қызды сахна кулисына (ықтырмасына) алып келші», — деп қолқа салды. Пысық жігіт тез театрдың фойэсінде қыдырыстап жүрген адамдар арасынан бойжеткенді жедел тауып, Ескендірмен таныстыруға ертіп келді. Ескендір қызыға:

— Сәлематсіз бе? — деуге ғана шамасы келді. Көңілі толқып, жүрегі ғашықтықтың дүмпіл соғуына ауысты. Қыз батыл: «Мен Дарико, здравствуйте», — деді.

— Мені танып тұрған шығарсыз. Сізге аяғыммен барып таныспай, шақыртып алғаныма айып етпеңіз. Мен сізді құлай жақсы көріп қалдым.

— Мұныңыз тым асығыстау емес пе?

— Сүйіспеншілікті жүрегім бірден-ақ танып тұр.

Ол Қарағандылықтарға белгілі Софынған Әшілаевтың үлкен қызы екен. Қыз Жібектің алты ағасы болғанындай Дариконың да алты інісі бар екен. Оның ішіндегі інілері Қазбек және Қазболат боксшылар. Дарико келесі күні Ескендірге қаланы таныстырды. Ол биыл Қарағандының медициналық институтын бітірген, Мәскеуде ординатурада қалдырылған екен, сағат таңғы алтыда ұшпақ. Ескендірдің ғашықтығы кеудесіне симай, асып-сасқандықтан Дариконың Мәскеудегі не телефон нөмірін, не адресін сұрамаған. Аңғалдығы оны кейін қатты өкіндірді. Ол жаңа түлегендей, сол түнді шала ұйықтап, қиялын жинай алмай, өмірінде, жүрегінде бір дүмпіл-дауылды өзгеріс болғанын сезді. Алматыға оралған соң өзге бойжеткендерге қараудан мүлдем қалды, сұлу кездессе де, олардың бірін елемейді. Есіл-дерті Дарико Әшілаева. Енді не істемек? Оның жадынан Дориконың сүйкімді жүзі, қиылған қасы, тартымды күлкісі кетпей қойды… Ескендірдің композиторлық шабытын Дарико оятты. Оған арнап «Әдемі» деген әнді шығарғысы келді. Ескендір Бәкір Тәжібаевқа: «Менің көңілімде ғашықтық әуені ұялап тұр, сен соған өлең жазшы», — деп қиылды. Бұл әннің ұзақ өміршілдігі басталды. Оны Ескендір әр түрлі сахналарда әрдайым айтып жүрді. Сонда Ескендірдің көз алдына тек қана Дариконың тұлғасы, әсіресе шарадай көзі елестейді де тұрады. Оның «Әдемі» әні қазақ жұртшылығына кеңінен танылды. Оны эстрада әншілері тез арада іліп алып, кең сахна алдында шырқай бастады.

Арада екі жыл өтті. Ескендірдің дегбірі қашуда. Бір күні оның жолдасы: — Біздің туберкулез институтына Мәскеудің медициналық институтының ординатурасын бітірген сылаңдаған, білімді дәрігер келді, -дейді. Ескендірдің ойына баяғы қапы қалғаны сарт ете түсті. Толқи түсіп: — Ол сөзсіз Дарико, — деді де жедел сол институтты тауып алады. Оның директоры атақты дәрігер Әйкел Тезекбаев. Ескендір сол басшының кабинетіне кіріп амандасты. Ол: — Сіз ауруханаға жатқыңыз келе ме?, — деп сұрады. — Құдай сақтасын, бұл аурудан. Менің денсаулығым мұздай. Тек сізге бір тілегім бар. Осы институтқа Мәскеуден жас маман дәрігер қыз келіпті. Соны көргім келеді. — Рас, жақында оны қабылдадық, птизатор. Ол — реанимация бөлімінде қызмет атқарады. — Аға, мен ол қызбен кезінде Қарағандыда танысқанмын. Әйекең хатшысына: — Дариконы шақыршы, — дейді. Кабинетке жарасымды ақ халат пен ақ матадан тігілген дөңгелек бас киім киген Дарико кіріп келгенде Ескендірдің жүрегі қақ жарыла жаздады. — Сәлематсіз бе, Дарико?! Тағы да ол: Здравствуйте, — деді.

Кешке жұмыстан босағасын Ескендір жоғалғанын тапқандай Дариконы ертіп, Алматы көшелерін ерінбей-жалықпай қуаныш құшағында аралады. Қала осы түні бұрынғыдан да сұлулана, көше шамдары бұрыңғыдан да көрі жарықты төге түскендей болды… 1977 жылы Ескендір мен Дариконың үйлену тойы өтті. Зулап жылдар өтіп, жас жұбайлардың отбасында ұлы Біржан, екі қызы — Элико және Тоғжан өмірге келді. Жанұя бақытты, бір-бірімен үйлесімді. Дарико біраз жылдар Алматының Ленин атындағы ауданында медицина бөлімінің бастығы болды. Ол адамдарға деген үлкен қамқорлықпен қызметін атқарды. Біржан № 12 қазақ мектебінде оқып жүріп, оған қоса Әміре Қашаубаев атындағы жеті жылдық музыкалық мектептің фортепияно бөлімін тәмәмдады. Ол камералық музыкалар және симфониялар шығаруға машықтануда, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, ал сазгер ретінде «Жаңа ғасырға жаңа ән» жарысының лауреаты атанды.

Әке мен бала байтақ Қазақстанның елді мекендерінде қосылып, жарасымды ән шырқап, көрермен қауымды тәнті етті. Олар бірігіп «Студенттердің қоштасу әні» және «Ескірмеген махаббат» (сөзі Е.Хасанғалиевтікі) сынды жұптасып әндерді орындауда. Біржан шығарған «Мен ғашықпын» және «Анашым» әндері Қазақ радиосының алтын қорын толықтырды. Әке мен баланың: «Атамекен», «Әдемі», «Келеміз бірге», «Ескірмеген махаббат» — әндері DVD дискілеріне жазылған. Элико Астанада талапты кәсіпкер, ал Тоғжан Алматы қуыршақ театрының режиссері. Хасанғалиевтің ұрпағы шетінен өнерпаз деуге тұрарлық. Ескендір Хасанғалиев Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе елді мекенінде 1940 жылдың 13 ақпанында дүниеге келді. «13» — санды орыстар «дюжина» — бақытсыз сан деп есептейді. Ол теріс ұғым. Алланың әрбір күні бір-бірімен тең. Адам бақыты оның жігері, алған білімі, арғы тегі және дарындылығымен тығыз байланысты. Ескендір бір жасқа толғанда әкесі Құбаш кенеттен қайтыс болады. Сәби туған нағашысы Өтегеннің тәрбиесіне ауысты. Оның жұбайы Бақия Ескендірді туған баласындай бауырына басты. Тағы да орны толмас қайғы бұл үйдің шаңырағын шайқады. 1942 жылы Ескендір екі жасқа толғанда нағашысы туберкулез ауруынан 22 жасында қайтыс болады. Ескендірді осылай қаршадайынан өлімнің қара түнегі қоршады.

Анасы Қанаш пошта бөлімінің меңгерушісі еді. Ескендір 16 жасында он жылдықты бітірді. Анасы екінші күйеуінен жеті балалы болды. Ескендір 10 жасынан бастап домбыра тартуды игерді. Қаратөбеде, жалпы Қазақстанның батыс аймағында күйдің ең жеңілі «Кеңес» күйін екінің бірі орындай біледі.. Ескендір мектепте оқып жүргенінде ән салуға машықтанды. Ол Ақан Серінің «Құлагерін» орындайтын. Мектептің көркем өнерпаздар ұйымында алдыңғы қатарлы әнші атанса да, оның ойына әнші болам деген ниет кіріп көрмеген-ді. Бірде Алматыда оқитын Таукен институтының студенті елге келгенде оның қобызын байқап қалады. Шықиған қара сукнодан тігілген костюмі бар, иығында пагоны бар. Ескендір осыған қатты қызықты. Техникалық институтта оқысам деп қиялдады. Ол физика-математика пәндерін үздік игерген-ді. Нағашысы Мырзакерей 7 жылдық мектептің директоры. Екінші нағашы ағасы Молдакерей ұшқыштар училищесінде оқитын. Ол кейінірек аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарды. Осылай Ескендірді білімді, зиялы тумалар қоршаған-ды. Молдакерей жазғы каникулға келгенінде Ескендір оның формасын киіп «айт-дваға» салатын. Енді оның жүрегі ұшқыш болсам деп алып ұшады. Қаратөбенің қырман басында кино көрсетіледі. Оның алдында «Қазақстан» деген кино-журнал жүргізіледі. Сондай киноның бірінде Ескендір Ермек Серкебаевтың кинода ойнап, әнді шырқап тұрғанын байқайды, ол ағаның «Наш милый докторынан» ән салу нақышын тыңдағанында аса елітіп, қызығады. Ескендірді енді түбі нақтылы орындалатын тағы бір қиялы — әртіс болуды мақсат етеді. Көңілі өнердің көк жиегіне тарта түсті.

Ол 1956 жылы он жылдықты тәмамдаған соң бас қаламыз Алматыға жолға шықты. Бақия апасы оның ішкиіміне ақша тігіп беріп, — Ұры-қарыдан аман болғайсың! — деп аттандырды. Ескендірдің қасына орталыққа баруға төрт жолдасы ерді. Апасы: «Ескендір саған жын-шайтандай әртіс болып не керек? Журналист болсаңшы», — дейді. Оның сөзін тыңдаған Ескендір Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне түсуге ниеттенді. Бар жоғы 25-ақ студент қабылданбақ. Ол жеті сынақты 4 пен 5-ке тапсырды. Енді студенттікке өткен тізімді күтуде. Жүрек алып ұшып, толқығанмен Ескендір Хасанғалиев тізімде жоқ болып шықты. Хасанғалиев Ескендір атамекен. Өкінішке орай жалғыз-ақ бал жетпепті. Ауылға оралуға ұят. Ол газет бетінен Шамалғанда құрылыс техникумы бар екенін, соның жанынан он айлық мектеп ашылғанын, мұнда құрылыс прорабына дайындайтынын біледі оқиды. Қасындағы төрт жолдасымен бірге сол мекенге келді. Бұл жерде Ескендірдің өз елінде көрмеген көгалды дала, биік-биік ағаштар, сарқырап ағып жатқан өзен, басқа да жеміс ағаштарды, миялы бақтарды көріп таң болды. Алыста басы қарлы Алатау шыңдары көрініп тұр. Қыркүйек айы, күн жайма-шуақ. Ескендірдің балалық шағы өткен далалықтан бақтарды табиғат көрінісінен мүлдем өзгеше екен. Желсіз беткей. Шаруалардың үйлері әкпен ақталып, ақ шаңқайлы. Жаңадан қабылданған тыңдаушыларды Шамалғанда тұрғызылып жатқан мектепті салуға жұмсайды. Осындай күндердің бірінде ауылдан апасы Бақияның қатты науқаста екендігін білдірген жеделхат Ескендірге жетті. Ол тездетіп поезға мінеді, бірақ жататын орын жоқ. Ол үшінші қатардағы төсекке көтерілді. Үйге Ескендір келгенінде апасы Бақия: «Құлыным, келдің бе?» — деп, құшақтап бауырына басты. Оның ауруы жоқ. Сөйтсе Бақия Ескендірді алыс орында бұзылмасын деп, жедел хатпен шақыртып алып отыр екен. Бұған не айта аласың?

1956 — 59 жылдары Ескендір уақытын ауылда өткізді. Клуб бастығының міндетін атқарады, ән үйірмесін құрады. Сол шақта Белоруссиядан құрылыс отряды келе қалады. Ол солармен бірігіп концерттер бере бастады. Одан әрі Мырзакерей нағашысының қарауында интернатта тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ескендір 19 жасқа толғанда Орал қаласының филармониясына қызметке кіреді. Үш айдай ауылдарды аралап, ән салады. Бір күні газеттен Алматыдағы консерватория жанынан дарынды жастар үшін екі жылдық дайындау курсы ашылмақ екенін біледі. Ол жұмысынан есеп қаражатын алып, «бағымды сынайын» деп Алматыға келіп, құжаттарын консерваторияға өткізеді. Сәті түсіп Ескендір хорди-рижерлік дайындық курсына қабылданады. Екі жылдан соң негізгі курсқа өтеді. 1961 жылдың күзінен бастап тиянақты, заңды студент қатарына ілікті. Ескендірдің жасы осы кезде жиырма бірге келген еді. Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні Қазақстан аймағына тарала бастаған-ды. Ескендірде осындай ән шығарсам деген ниет қиял оның көкірегінде ұялады. Соның нәтижесінде Оспан Иманалиевтің сөзіне жазылған «Анаға сәлем» тұсау кесер әні жарыққа шықты. Ескендір осы жылдары пианино ойнауды игерді. 1962 жылы ол Қазақ радиосына музыкалық редактор болып орналасады. Бұл бір бел асу Әрі қарай ол әндерін үнтаспаға түсіреді, эфирге шыға бастайды. Тындармандардан оның өнеріне деген пікір-хаттар редакцияға көптеп түсе бастады. Солардың бірінде: «Анаға сәлем» әні ұнады делініпті. Ол ән байтақ елімізге кеңінен тарайды. Қазірде бұл әнді үшінші ұрпақ орындауда. Әсіресе, оны мәнерлі, нақышына келтіріп орындайтын — «МұзАрт» тобы.

1964 жылы Ескендір консерваторияның жоғарғы курсында оқып жүргенінде музыкалық редакторлықты жалғастыру үшін сырттай оқуға ауысады. Осы талап оны Шымкенттің әл-Фараби атындағы өнер институтын сырттай бітіруге ықтимал болды. 1968 — 69 жылдары ол Қазақ қыздар педагогикалық институтының музыкалық факультетіне ұстаз болып орналасты. Осында ол «Айгүл» деп аталатын квартетті ұйымдастырады. 1970 жылы Қазақ радиосы жанынан штатты әншілікке орналасады. Жастар әндерін кеңінен насихаттаушылығы үшін Ескендір Хасанғалиевке «Қазақстан Ленин комсомолы» сыйлығының лауреаты атағы беріледі. Бұл оның алғашқы алған өнерлік сыйлығы осылай кәсіби композитор және танымал әншілікке жетті. Алда талай өнердің қыраттарын альпинистердей игермек, оның бойында жігерліктің өнершіл талпынысы жалындап тұр. Табыстар жалғаса түсті. 1968 жылы Сочиде өткізілген халықаралық жастар фестивалінде дипломмен аталды. Ескендір «Анаға сәлем» әнінен кейін «Асыл арман», «Ауылым-әнім», «Бозторғай», «Сағындым сені» және тағы да көптеген әндерді жарыққа шығарды. Оның әндерін қазақтың атақты әншілері сүйіп орындайтын болды. Ермек Серкебаев оның «Сағындым сені», «Жаса, Қазақстан» әндерін шырқады. «Сағындым сені» әнінің сөзін Бәкір Тәжібаев, ал «Жаса, Қазақстан» әнінің сөзін Төлепберген Тобағабылов жазғанды. Ескендір Хасанғалиевтің осы қос өнерін тани білген Қазақстан КСР Жоғарғы Кеңесі оған 1979 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», ал 1984 жылы «Қазақстан халық әртісі» атағын берді. Ол кеңінен танылған, халықтың сүйікті өнер майталмандары қатарына кірді. Қазақстанның ең биік дәрежедегі әнші жұлдызының бір тұлғасы — Бибігүл Төлегенова Ескендірдің «Нұрлы таң», «Асыл жар» әндерін орындай бастады. Ол әндердің сөздерін Әбдірахман Асылбеков, ал «Сердце Казахстана» әнінің сөзін Ольга Артанян жазды.

Эстраданың көш басындағы Роза Бағланова «Асыл арман» (сөзі Б.Тәжібаевтікі), «Айналайын» (сөзі М.Шахановтікі) әндерін тамаша әуенде сахнада шырқады. Бұлардың бәрі де Қазақстан әндерінің алтын қорына кірген ән аспанында мәңгілік сақталар. Эстрада жұлдызы Роза Рымбаева «Әдемі» әнін көкке көтерді. Ескендір қазіргі эстрадалық өнерге, негізінен, дән риза. Дегенмен, жас әншілерді «Жұлдыз ауруына ұшыраудан сақтаныңдар», — деп ескертеді. Ол әннің сапасына аса мән беру керек, мазмұны да халық көкейінен шығуға тиісті деп есептейді, өзіне осындай қаталдықпен қарайды. Отанымызға патриоттық әндер керек, олар туған жерге, ата-анаға, жас ұрпақтарға бағытталуы тиіс! Осы мақсат оның «Атамекен» әнімен орындалды, бұл енді Қазақстан жұртшылығық ортасында ең бір танымал, сүйіп тыңдайтын әніне айналды.

Бұдан 3 жыл бұрын Ескендір Хасанғалиев өзі туып өскен мекен Батыс Қазақстан өңіріне- бес рет барды, фестиваль-жарыстар өткізді. Оның соңғы екеуі халықаралық деңгейде. Оған Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден, Қырғызстаннан әншілер қатысты. Солардың ішінде тамаша талант иесі — Асқақ Үрпеков бас жүлдегер атанды. Ескендір жер шарын шарлап Қазақстанның ән өнерінің даңқын кеңінен іс жүзінде уағыздады. Ол АҚШ, Қытай, Ресей, Моңғолия, Болгария, Югославия, Сирия, Ливан, Швеция және Финляндия елдерінде ән шырқап, ТМД және Кеңес Одағының көптеген елдерінде өткен концерттерге қатысты. Алматының Республикалық Сарайында «Атамекен» деп аталған Ескендір Хасанғалиевтің жеке есеп беру концерті өткізілді. Мұнда өзімен бірігіп ұлы Біржан, талай өнерпаздар оның әндерін орындады. Концерт көрермендерін көңілінен шықты. Әншілік өнер тынбастан, ізденіп, дамылсыз еңбекпен шыңдалуын талап етеді. Жас әншілердің іздену, талаптану, репертуарларын жаңарта түсуі ауадай кажет. Әнді қайта-қайта қайталау да ерсі. Демек, әншілер репертуарын әрдайым жаңартып, түрлендіріп тұру тиіс. Бұл жастарға айтар Ескендірдің ағалық ақылы. Ол бұл күндері өнерде болаттай шыңдалған жан, ән аспанында қалықтаған қыран құсындай самғауда. Алматы әкімшілігі биылғы жылы оның 70 жасқа толу құрметіне арнап Республика сарайында үлкен концерт ұйымдастырды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>