iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Ермек Серкебаев

Бұл мәлімет 515 рет қаралды

Ермек Серкебаев өзінің әншілік дарындылығының арқасында қазақ халқының даңқын әлемге паш етті. Ермектің әкесі Бекмұхамбет (шындығында Бекмағамбет) Омбыда, кейін Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. Сол жылдары ол Мағжан Жұмабаевпен танысып, достықтары ұзақ жылдарға берік сақталған. Бекмұхамбет қызмет барысымен Көкшетаудан Петропавлға ауысады. Сонда политехникумда сабақ береді. Сол жолы татар қызы Зылиқамен некелеседі.

Бекмұхамбеттің кызметі Ақмола губерниялық халық ағарту бөлімінде инспекторлық дәрежесіне өседі. Әрі беріден кейін ол Алматыға жұмысқа ауысып, Қазақ педагогикалық институтын сырттай бітіріп, сонда ұстаздыққа орналасады. Бекмұхамбетті балалық шағынан жазушылық қызықтыратын. Ол бірнеше көркем кітаптарды қазақшаға аударған. «Кедей сөзі» газетінде редакторлық қызмет атқарады. Сол жылдары Бекмұхамбет Сәкен Сейфуллинмен, Ілияс Жансүгіровпен, Бейімбет Майлинмен, Мұхтар Әуезовпен жақын танысып, қызметтес болады. Міне, осылай балауса жігіт Ермек ертеден-ақ тәрбиелі, зиялы жанұяда өсіп, қазақтың алып жазушыларын біліп, көріп өсті. Ермек Петропавлда 1926 жылдың шілде айының 4-жұлдызы күні туды. Ол үшінші сыныптан бастап оқуын Алматыдағы № 54 мектепте жалғастырады. Ермек Серкебаевтың дарынды әнші болуының түп қазығы әкесі мен шешесінің музыканы сүйіп, ән айта білетіндігінде жатыр. Әсіресе, анасы Зылиха қазақ әндерін әдемі дауыспен айта білді.

Ермектің Фазылжан, Ғалымжан деген нағашылары скрипкада ойнайтын. Ермекке нағашысы Ғалымжан тынбастан скрипка ойнауды үйретеді. Ол скрипканы тарта отырып ән салатынды. Оқушы кезінде Ермекті физика пәні қызықтыратын. Әкесі де кұптайтын, дегенмен біртіндеп музыкаға деген кұштарлығы өсе түсті. Соның арқасында жетінші сыныптан бастап П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқуын жалғастырды. Осы мезгілде Серкебаевтар отбасының материалдық жағдайы киындағандықтан, Ермек үш жылдай оқыған соң, оны тастап кетуге мәжбүр болды. Тағдыр оны радиоға дикторлықка әкелді, оған қоса киностудияның кейбір фильмдерінде осы тұрғыда қызмет атқарды. Ол Фуат Мансуровпен, Тұрғұт Османовпен танысып, өмір бойы дос болып қалды.

Әншілікке барша ықыласымен берілуге хор жетекшісі Антон Максимович Москаленко әсер етті: «Байқауымша, сенің дауысың бар, қәне, бір ән айтшы», — деп Ермектің ән орындауын тыңдап, скрипкада ойнай білетінін естігесін оны хорға әншілікке шақырды. Ермек бірден әйгілі опералардағы классикалық арияларды орындай бастады. Чайковскийдің «Иоланта» операсындағы Роберттің ариясын атақты әншілерден кем орындамайды. Ермек осылай шыңдала түсті. Мәскеуде әндерін үнтаспаға жаздырды. Сол кезде Левинтанмен танысады.

Бір күні композитор Мұқан Төлебаев Ермекті өзіне шақырып алып, сұрақтың астына алады. Сол жолы Ермек Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсының кейіпкері Ереминнің ариясын орындайды. Мұкан Төлебаев: «Ей, бала, қәне жүр менімен бірге театрға барамыз, сенің орның сонда», — дейді. Театр директоры Райхан Жумин мен дирижер Григорий Арнольдович Столяров оған ән салғызады. Басшылар Ермекті дәлізге шығарып, өзара ақылдасады, ол бағалауға Мұқан Төлебаев та қатысып отырған. Біраздан соң Мұқаң: «Құттықтаймын бала! Сені жұмысқа қабылдайтын болды», — деп дәлізге шыға салысымен айтады. Енді оған кәсіби музыкалық білім алуы қажет. Ол 1946 жылы консерваторияға қабылданады. Ермек консерваторияны 1951 жылы Кургановтың сыныбында тәмамдаған соң опера және балет театрына оралады. Консерваторияны бітірер жылы Абай рөлін орындайды. Одан әрі «Евгений Онегин» операсында — Евгений, «Травиатадағы» — Жермон рөлдерін жоғары дәрежеде шырқайды. Келесі рөлі — «Севиль шаштаразындағы» — Фигаро.

Қазақ опера саласының майталмандары — Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әнуарбек Үмбетбаев, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, ағайынды Абдуллиндер, жас дарын иесі Ермек Серкебаевты інілеріндей құшақ жая қарсы алды. Осылай Ермек Серкебаевтың опера сахнасындағы даңғыл жолы басталды. Оның Абай атындағы ҚМАОБ театрында орындаған партиялары: Мұкан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасындағы» — Қожағұл, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» — Тарғын, «Дударайында» — Артем, Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамысында» — Алпамыс, Ғазиза Жұбанованың «Жиырма сегізінде» — Панфилов, П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» — Евгений Онегин, «Мазепасында» — Мазепа, Ю.С. Мейтустың «Жас гвардиясында» — Олег Кошевой, «Ағайынды Уляновтарында» — Владимир Ульянов, В.А. Моцарттың «Дон Жуанында» — Дон Жуан, Ж.Бизенің «Карменінде» — Эскамилио және тағы басқа опералардағы басты рөлдер. Оған 1956 жылы Қазақ КСР-нің халық әртісі атағы берілді.

Ермек Серкебаевтың өнерінің шырқай биікке көтерілуіне 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның әдебиет және мәдениет онкүндігі куәгер болды. Онкүндікте орындаған әндері, рөлдері үшін оған КСРО халық әртісі атағы берілді. Ол жарлық 1959 жылдың басында жарыққа шықты. Мәскеуліктер Ермек Серкебаевты зор ықыласпен, ынтызарлықпен тыңдап, тамашалады. Бұл бір өнер мейрамы еді! Онкүндікте «Қыз Жібек» операсында Төлеген рөлін, ал қорытынды концертінде «Севиль шаштаразындағы» Фигаро каватинасын үлкен шабытпен орындады. Бұл ария әрі қарай Ермек Серкебаевтың айнымас әншілік қолтаңбасына айналды. 1953 жылы Ермек Бухаресте өткен дүниежүзілік фестивальге қатысты. Одан Мәскеуге оралған соң Галина Олейниченко екеуіне үлкен театрда қызмет ұсынылды. Бірақ, Ермек Мәскеуді қаламады. Оның барша ынтасы, талабы, қызу қанды албырт жүрегі қазақ халқына еңбек ету еді.

Ермек Серкебаев: — Мен үшін Абай атындағы театрдан артық өнер ордасы болмайды, — дейді. Ол Күләшпен аз-кем уақыт бірге ән салды. «Абай» операсында Ермек Абайдың, Күләш Ажардың партиясын орындаған. Бұл шақ оның есінде ұзак уақыт сақталуда.

Ерекең: — Ақын Нұфтолла Шәкенов асыл жан еді, «Ермекжан» деп, іші-бауырыма кіріп тұратын. Иса Байзақовтың үйімен көршілес болдық. Ал, Нұрғиса Тілендиев біртуар дарын иесі. Мен Дина Нұрпейісованың домбыра тарту шеберлігіне таңдай қағатынмын. Оны Ахмет Жұбанов: «Домбыраны Құдайдай тартады», — деп айтушы еді. Опера және балет театрында каншама әнші-тарландар ариялар шырқады десеңізші! Ғарифолла Құрманғалиев нағыз әртіс болатын. Ол салған ән Алматыдан Орал қаласына жететіндей… Қанабек Байсейітов тұлғасында Алла Тағала берген биік өнер бартұғын. Әнуарбек Үмбетбаев қазақ операсының майталманы. Ришат Абдуллиндей Абай рөлін еш әртіс орындай алмас, — деп аға өнер тарландарына тағзым етті. Әрі қарай:

—  Халық әндері ішінен «Сырымбетті», «Шапибаяуды», «Сұрша қызды» аса қастерлеймін, ерекше орындаймын. Ал, «Надо мной небо синее» атты ән мен Фигароның кавантинасын көрермендер сүйіп тыңдайтын. Репертуар таңдауда үлкен сынмен қараймын. Е.Хасанғалиевтің «Сағындым сені», С.Бәйтерековтың «Жан досым», С.Мұхамеджановтың және өзге де композиторлардың әндерін сүйсіне орындадым.

—  Ереке, Одақтас Республикалар әншілері ішінен кімдерді зор бағалайсыз?

— Рашид Бейбутов және Мүсілім Магомаев. Өзбектің Батыр Закиров, армян әртісі Гоар Гаспарян, қырғыздық Болат Мыңжылкиев, украин әртісі Белла Руденко, молдаван әртісі Мария Биешу, эстондық Георгий Отсты аса құрметтеймін, қызыға тыңдаймын. Колоратуралык сопрана дауысты атақты әнші Евгения Мирошничеко Ермек Серкебаевқа: «Антон Рубенштейннің «Нерон» операсындағы арияларды дәл сендей орындайтын ешкімді көрген емеспін», — дегені бар. Ермек Серкебаев: -Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында Қазақстан мемлекеті жержүзіне таныла түсуде. Нұрсұлтан ініме тәнтімін, алдағы ұзақ жылдар бойы осы көрегенділігі өсе түссін. Нұрекеңнің бүгінгі ел басқаруына ризамын. Президентімізбен әлемнің басшылары санасады, — деп мақтанышпен айтады. Ол қазақтың халық әндері туралы: «Шіркін, Естай Беркімбаевтың «Хорлан» әні теңдессіз шығарма ғой. Қазақ халқының асқақ әндері «Алтыбасар», «Қызыл бидай», «Бурылтай», «Жанбота» тағы да басқа әндер кең тынысты орындауды талап ететін әндер», — деп бағалайды.

Ермек Бекмұхамбетұлы қазақтың арғы-бергі заманында өмір сүрген Біржан сал, Ақан Сері, Мұхиттан бастап, кешегі Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, бүгінгі Роза Бағланова, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова сынды дарынды әншілердің шеберлігіне бас иеді. Ол Бибігүл Төлегенованы өзіндік бағдары бар, әншілердің асқақ төрайымы деп есептейді. Қазақтың опера әншілерінің ішінен соңынан ерген өнердегі інісі Әлібек Дінішевті ерекше бөліп айтады. Ермек Серкебаев әншілігімен қатар кинофильмдерде үлкенді-кішілі рөлдерді сомдаған. 60-жылдардың бас шамасында «Әнші ауыл» фильмінде ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесін басқаратын әнші жігітті, Рая Мұхамедиярова сылқым сұлу қыз рөлдерін орындады.

Ермек Серкебаев: «Біздің Отанымыз — Қазақстан! Қазақтың елі, жері! Өз басым анау балаларым және немерелерім тұрып жатқан Америкада бір жеті де тұра алмас едім. Қазақ халқы аман болсын! Қазақстан жасасын! Нұрсұлтан інімнің абыройы биіктей берсін!», -деп ақ тілегін арнайды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>