iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Экономикалық цикл

Бұл мәлімет 925 рет қаралды

Экономикалық цикл теориясы қоғамның белгілі бір уақыт аралығындағы экономиканы белсенділігінің кезендік ауытқуы мен тұрақсыздығының себептерін талдайды. Тік сызық үрдісінің артуы түрінде көрінетін экономиканың жалпы ұзақ мерзімді даму бағытын сипаттайды. Толқынды қисық дамудың біркелкі емес деңгейін, кезеңдердің аз немесе біршама ұзақ уақыт кезекпен ауысуын, құлдырау кезеңдеріне қарай қоғамның экономикалық даму жылдамдығын көрсетеді.Құлдырау мен өрлеу, оның алма-кезек ауысу реті экономикалық дамудың циклдік сипатын танытады. Аталмыш цикл экономикалық белсенділіктің бірдей жағдайлары арасындағы қандай да бір уақыт аралығын білдіреді.

Цикл фазалары
Жекелеген экономикалық циклдер бір-бірінен ұзақтығы мен қарқындылығы жағынан айрықшаланады. Дегенмен, олардың бәрі біркелкі құрылым бойынша дамиды. Цикл құрылымында ең жоғарғы (шыңы) және ең төменгі (түбі) белсенділік нүктелері, сондай-ақ олардың арасында жатқан экономикалық экспанция (немесе циклдік өрлеу) және экономикалық рецессия (немесе құлдырау) бөліп көрсетіледі. ikaz.kz-ekonomikaБелгілі бір уақытта циклдік өрлеу өзінің шыңына көтеріліп, циклдік қозғалыстағы жоғары нүктеге жетеді. Ол өз шыңына шыкқан соң экономикалық рецессия фазасына енеді, яғни өзінің төменгі шегіне немесе түбіне жетеді және басқа нүктеге — құлдырау бұрылысынан жаңа өрлеуге бет алады. Экономистердің арасында экономикалық цикл фазасын бөліп көрсетудің екі тәсілі бар. Экономистердің бір тобы аталмыш екі циклдік фазамен (өрлеу және құлдырау) шектелсе, екінші тобы цикл фазасын төртке бөледі, яғни өрлеу фазасын жандану фазасы мен тікелей өрлеу фазасына, ал құлдырау фазасын экономикалық серпінге қатысты нақты көрсеткіштің әлеуетті көрсеткіштен ауытқуы орын алатын дағдарысқа және депрессияға бөледі. Экономика жандану фазасында өзінің төменгі нүктесінен әлеуетті даму деңгейіне дейін көтеріледі. Экономиканың одан әрі өсуі осы жүйедегі экономиканың әлеуеттік шегінен тыс өрлеу фазасында жүзеге асады. Цикл өз шыңына жеткен соң экономика дағдарыс фазасына енеді. Бұл экономиканың өзінің әлеуетті деңгейіне дейін құлдырауымен аяқталады. Ал, егер құлдырау ұзаққа созылса әрі күрделі сипат алса, онда оның шегінен асып, тоқырау фазасына көшеді. Тоқырау фазасы экономиканың өз әлеуетінен төмен құлдырауын сипаттайды.

Сөйтсе де, барлығы мынаған келіп тіреледі: өрлеу (жандану) фазасында ЖІӨ өседі, жұмыссыздық азаяды, инвестиция мен нақты капитал мөлшері артады. Баға деңгейі, еңбекақы және пайыздық мөлшерлемесі өсу үрдісіне ие болады. Өрлеу фазасы белсенділіктің жоғары деңгейімен аяқталады: өндіріс қуаты, адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі шектен тыс артып, еңбекақы мен пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары болады. Мұның арты сөзсіз құлдырауға апарып соқтырады. Өндірістің өсуі құлдыраумен ауысады. Дағдарыс фазасында, өндіріс қысқарады және жұмыссыздық белең алады. Алайда, баға дағдарыс ұзаққа созылса, әрі күрделі сипат алса және дағдарыстан кейін тоқырау фазасы келсе ғана түседі. Инвестиция жоққа тән болады. Белгілі бір уақыттан соң тоқырау жандану фазасымен ауысып, экономикадағы құлдыраудың орнын өрлеу басады.

Цикл барысында экономикалық шаманың мәніне қарай олар проциклдікке, контрциклдікке және ациклдікке бөлінеді. Өрлеу фазасында артып, құлдырау фазасында кемитін шама проциклдік деп аталады. Ал, контрциклдікке осыған қарсы мәндегі көрсеткішті, яғни өрлеу фазасында кеміп, құлдырау фаза сында артатын шаманы жатқызамыз. Серпінінде қандай да бір экономикалық цикл фазасымен байланысы жоқ шама ациклдік деп аталады. Проциклдікке өндірістің толық қуатымен жұмыс істеуіне қатысты көрсеткіш және бағаның жалпы деңгейі, пайыздық мөлшерлемесі, жиынтық шығарылым секілді көрсеткіштер жатады. Ал, контрциклдік өзгермеліге жұмыссыздық деңгейі, дайын өнім қоры, банкротқа ұшыраулар саны секілді көрсеткіштер кіреді. Ациклдік шама әдетте экспорт мөлшеріне қатысты. Түрлі шамалардың өзгеру қарқыны әдетте бірбіріне сәйкес келмейді. Әдеттегіше, проциклдік шамалардың бірі басқасы кеми бастаған кезде өседі. Осыған орай, контрциклдік шаманың бірі құлдырай түссе, басқасы өсу үстінде болады. Осыған орай, экономикалық өзгермелер өзінің шыңына (түбіне) жеткенге дейін немесе жеткеннен кейін барынша жоғары көтерілуіне (барынша төмен түсуіне) қарай айрықшаланады.

XIX ғасырдың 70-жылдарында және XX ғасырдың 40-жылдарында АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің мыңнан аса көрсеткіштерін талдау негізінде жасалған Ұлттық экономикалық зерттеу бюросының (NBER) жіктеліміне сәйкес мынадай үш экономикалық параметр бөліп көрсетіледі: озық жүруші, артта қалушы және сәйкес келуші. Сәйкес келуші шама экономикалық белсенділіктің өзгерісіне сәйкес бір мезгілде өзгереді. Нақ осы шамаға ЖІӨ деңгейі, жұмыссыздықтың, өндірушілер бағасының, жеке табыстың, Ұлттық банкідегі пайыздық мөлшерлемелердің деңгейі кіреді. Озық жүрушіге шыңға шығу (түбіне түсу) алдында барынша жоғары деңгейге (мейлінше төмен деңгейге) жеткен көрсеткіштер жатады. Олар бойынша жаңа құрылған кәсіпорындар, қордағы өзгерістер, корпорация пайдасы, ақша жиынының өзгерісі, қор нарығының индекстері бөліп көрсетіледі. Артта қалушы деп экономикалық шыңға шығар (түпке түсер) алдында барынша жоғары деңгейге (мейлінше төмен деңгейге) жеткен көрсеткіштер аталады. Оған еңбекақы шығыстары, коммерциялық банкілердің пайыздық мөлшерлемелері жатады.

Экономикалық циклдің ұзақтығы
Мамандарды ғана емес, сонымен бірге мемлекет қайраткерлерін және бүкіл халықты толғандырып отырған цикл теориясының маңызды мәселесі мынау: экономикалық цикл және оның жекелеген фазалары қанша уақытқа созылады. Бұған таңқалудың қажеті жоқ, өйткені келесі өрлеудің қанша уақытқа созылатыны белгілі болса, мемлекеттік деңгейде, фирмалар мен үй шаруашылығы деңгейінде дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігі пайда болады. Әсіресе, жаңа инвестицияны жүзеге асыратын, дағдарысқа қарсы шараларды жүргізетін үкімет пен Ұлттық банк саясатына қатысты оның маңызы ерекше. Циклдің жалпы ұзақтығы әдетте белсенділіктің екі жоғары көрші немесе екі төменгі көрші нүктелердің арасындағы уақытпен (жылмен, аймен) өлшенеді. Осыған орай, құлдырау ұзақтығы белсенділіктің жоғары және төмен нүктелері арасындағы уақытпен, ал өрлеу белсенділіктің төмен және жоғары нүктелері арасындағы уақытпен өлшенеді.

Экономикалық циклдің себептері
Экономикалық циклдердің ұқсастығына қарамастан, осы күрделі құбылыстың табиғатын әр қилы түсіндіретін көптеген теория бар. Кейбір экономистердің пайымдауынша, цикл ғылым мен техника саласындағы елең еткізерлік жаңалықтар, жаңа ресурстар мен технологияларға жаппай көшу секілді сыртқы факторлармен байланысты орын алады. Мұндай әлемдік деңгейдегі өзгерістер сыртқы күштердің жаппай толқынын тудырады. Сыртқы факторларға соғысты, экономикалық санкциялдарды немесе блокадаларды, я болмаса Қазақстандағы секілді бір жүйеден екіншісіне көшуді, табиғи катаклизмдерді және өзге де кездейсоқ құбылыстарды жатқызуға болады. Циклді таза монетарлық құбылыс деп санайтын экономистер де бар. Үкімет ақшаны көптеп шығарғанда инфляциялық дүмпу пайда болады, әрбірден соң салыстырмалы түрде азғантай артық ақша өндірістің құлдырауына және жұмыссыздықтың белең алуына апарып соқтырады. Аталмыш теория циклдің экзогендік теориясы деп аталады. Теорияның басқа тобы цикл түсіндірмесін экономикада жүріп жатқан ішкі үдерістерден іздестіреді. Бұл циклдің эндогендік теориясы. Циклді ішкі сипатқа ие себептерден өрбітетін және осыған орай оны нарықтық жүйеге іштей тән деп білетін эндогендік теория экономиканы тұрақсыздыққа апарып соқтыратын сыртқы себептердің де әсерін жоққа шығармайды. Алайда, аз да болса алдын ала білуге болатын немесе кездейсоқтыққа жатқызылатын экзогендік факторлар екінші кезекті маңызға ие.

Көзқарастардың көптігіне қарамастан, көптеген экономистердің пікірінше, өндіріс пен адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейін тікелей анықтайтын негізгі ішкі факторларға жалпы және жиынтық шығыстың шамасы, ең алдымен тұтыну мен инвестиция деңгейі жатады. ЖІӨ-нің негізгі құрамдас бөліктері арасындағы өзара әрекет механизмдері (инвестиция мен тұтыну), жұмыспен қамту, жұмыссыздық және монетарлық факторлар (пайыздық мөлшерлемелері мен ақша жиыны) өзге тарауларда қарастырылады.

Макроэкономика: Оқу құралы / Жалпы ред. басқарғандар: Ә.Ә. Әбішев, К.А. Хубиев. Басылым ықшамдалып алынды. — Алматы: «Экономика», 2008. — 368 бет. Мәлімет оқулықтың 51-ші бетінен алынды.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>