iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Дінішев Әлібек

Бұл мәлімет 261 рет қаралды

Дінішев Әлібек Алматыда 30.7.1951 жылы туды. 1975 жылы Дінішев Әлібек Құрманғазы атындағы ҚҰ консерваторияның вокалдық факультетінің 5 курс студенті. Сол кезде Грузия Республикасының орталығы Тбилиси қаласында Глинка атындағы Бүкілодақтық вокалистер конкурсына қатысты. Қаланы екіге бөліп Кура өзені ағады, айнала жоталар мен қыраттар. Күн қыза түскен. Сайыстың төрағасы — атышулы КСРО халық әртісі Ирина Архипова. Дінішев Әлібектің қарсыластары — Мәскеуден, Ленинградтан, көптеген одақтас республикалардың үміткерлері. 24 жастағы Әлібектің Глинканың романстарын орындауы олардың бәрінен де басым келіп, бірінші орынды жеңіп алды және ең жақсы орындаушылық дипломына ие болды. КСРО халық әртісі Зара Долуханова «Кругозор» газеті бетінде Александр Пушкиннің «Я помню чудное мгновение» өлеңіне жазылған Михаил Глинканың романсын Әлібек Дінетиев орындаушылығымен өзгелерден озық шыкқандығын конкурс барысында атап өтсе, төрайым Ирина Архипова «Советская культура» журналында: «Внимание талант!» — деп жариялай жазып, әрі қарай: «Вкус, вокальная сультура, артистический облик Алибека Динишева быстро сделали его любимцем публики. Обладатель тенора красивого, целиком отдаваясь музыке, тонко схватывал музыкальные краски, стилевые нюансы. Ему свойственна чистота интерпретации», — деп сүйсіне бағалады. Архипова Әлібектің одақтық шеңберде оның алғашкы қадамын осылай жоғары бағалауы бекер емес.

Әлібек Мұсаұлы осы конкурстан кейін Алматыға даңқты әнші дәрежесінде оралды. 1976 жылдың ақпан айында Алматыда республика сарайындағы үкіметтік концертте классикалық вокал көкжиегінде жаңа жұлдыздың жарқ еткенін танытты, ол бұл жолы халық әні «Ақбақайды», Ж.Бизенің «Петр сұлуы» операсынан «Смит серенадасын» ғажайып дарындылықпен орындады. Оның есімі, даңқы осы концерттен кейін әншілік толқынның 9-балына көтерілгенін барша тыңдаушылар бірауыздан құптады. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлібекке: «Осыған дейін Ермек Серкебаевтың өнер заманы орнағанды, енді онымен қатар сенің заманың басталды», — деп айрықша жоғары баға берді. Опералық музыка аспанында 1958 жылы Ермек Серкебаевтың Қазақстанның Мәскеуде өткен әдебиет пен өнер онкүндігінде аты әуелеген соң, 18 жылдан кейін Әлібек Дінішевтің есімі Кеңес Одағында жарқ етті. Көрермендердің тұтастай қызығушылығы, ынтызарлығы басталды. Құдай Ерекеңе де, Әлібекке де тамаша әдемі дауыс және сүйкімді сұлу пішін берегенін айтпауға болмайды.

Осындай биік жетістікке Әлібек Дінішев қалай жетті, енді әңгіме желісін соған бағыштайық. Әлібектің әкесі Мұса Бөкенбайұлы Дінішевтің ата тегі Батыс Қазақстан облысының Казталовка өңірінен. Ол білімді журналист болатын, қызметін «Лениншіл жас» газетінде бастаған-ды. Мұсакең «Мәдениет» журналының негізін қалап, ұзақ жылдар журналдың Бас редакторлығын атқарып, республикамызда мәдениет салаларының даму жолын, дарынды адамдардың еңбектерімен қазақ қауымын кеңінен таныстыра түсті. Журнал оқырмандарының тартымды, қалаулы баспасөзіне айналды. Ол Бойнидің «Овод» романын қазақшаға аударды, біраз мезгіл ҚазКСР-нің Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарды. Әлібек — Мұса мен Кәмиланың кенжесі. Ол 1951 жылдың 7 шілдесінде Алматыда туды. Анасы Кәмила — КСРО халық әртісі Ришат пен ҚазКСР халық әртісі Мүсілім Абдуллиндердің туған қарындасы. Олар Мүкім Абдуллиндердің ұрпақтары. Мұсакең ұлы Әлібектің өнерге талпынысын, құмарлығын, дарындылық нышанын ерте таныды. Балаға нағашы жұрт та аса кымбат, олардан тектікпен (генетикалықтан) дарындылық қасиеттер ауысады. Ришат Абдуллиннің тамаша қоңыр баритон даусы болса, Мүсілім Абдуллин әсем тенор даусына ие. Ол екеуінің қазақтың опера өнеріндегі елеулі орындары кітабымыздың бет ашар очеркінде айтылды.

Дінішевтердің отбасында әрдайым музыка әуендері қалықтап тұратын. Жас кезінде кершілері — Ораз Әбішев, Қуат Әбусейітов, Файзолла Әбішев, Элшер Файк музыка және кино өнерінің, әдебиетінің белгілі тұлғалары. Әлібек 8 жасынан бастап өзінің қалауымен ән айта бастады. Нағашысы Ришат Абдуллин оған: «Сенің табиғатың әншілікке жаралған, музыкалық білім алуың керек», — деп ақылын айтып, жол көрсетті. Мұсакең сірә оны бар ықыласымен қостады. Ата-анасы Әлібекті Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектепке оқуға берді. Ол мектеп үйі бүгінгі Әлібек Дінішевтің театры орналасқан бір қабатты ғимарат. Осында ол аккардеон аспабында ойнауды игеруге кірісті. Сонымен қатар өзі оқитын (жалпы білім беретін) №33 мектептің көркем үйірмесінде ән айтуға машықтанды, ал жарыстарда бірінші орындарды жеңіп алып жүрді. Ол 8-сыныпты аяқтағасын музыкалық мектептен П.И. Чайковский атындағы музыкалық училищеге түсті. 1970 жылы оны бітіргесін Ришат Абдуллиннің кеңесі бойыша Құрманғазы атындағы ҚҰ консерваторияның вокал факультетіне қабылданды. Енді нағыз кәсіби әншілікке дайындалу басталды. Оның мұндағы ұстазы — Н.А. Шәріпова.

Әлібек Мұсаұлы: — Мені бұл ұстаз әншіліктің даңғыл жолына баулып, бүркіт балапанындай шарықтауға үйретті. Ол менің табиғатымда бар дарын ұшқынын үрлеп, лаулатты, даусымның түзу, орынды дамуына тікелей ықпал жасады. Кейбір ұстазсымақтардың шәкірттінің даусын бұзып алуы да кездесетін-ді. Мен ұстазыма бек ризамын, қарыздармын, — дейді. 1976  жылы Әлібек Дінішев консерваториядағы оқуын тәмамдағасын Жамбыл атындағы Қазақ филармониясында әншілікке кірісті. Ол 1977 жылы Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өткен воколистердің халықаралық конкурсына қатысты. Осы жолы Әлібек әйгілі әнші қатарына көтерілді деп аталынды. Ол 1977 жылы воколистердің Шуман атындағы конкурсында да лауреат атанды. Айтысқа Еуропаның 27 елінің әнші-тенорлары атсалысты. Ол Роберт Шуманның шығармаларын терең сырлы тенорлық дауыс бояуымен орындады. Цвиккаудтық басылымдарының бетінде ол неміс тілін үйренген және атақты италиялық ұстаздардан сабақ алған деп жазылды. Әлібек кейбір журналистерге өзінің тек қана Алматы консерваторясында жоғары білім алғанын мәлімдеді. «Советская культура» газеті де оның тамаша әншілігіне жылы лебіздерін білдірді.

Оның ең бастапқы Республика аймақтарында атқарған гастрөлі Орталық Қазақстан облыстарында Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы АХА оркестрімен бірге өтті. 1977   жылы оның әншілік өмірінде елеулі кезең болды: КСРО мемлекеттік радио-телевизия комитетінің «Орыс Ұлттық аспаптар оркестрінің» дирижері, Ресей халық әртісі Николай Николаевич Некрасовтың басқаруымен телевизиялық камералар алдында Абайдың «Көзімнің қарасы», италиялық «Ғашық болған солдат» әндерін айтқанында Кеңес Одағының түкпір-түкпірінің көрермендері Әлібек Дінішевтің дарынды, асқақ әншілігімен алғаш кеңінен танысты. Ол осыдан бастап КСРО-ның барша аймақтарында әйгілі әдемі тенор дауысты, көрермендердің көзайымына бөленген сүйікті әртіске айналды. Телевизия арналарының құдіреті осылай! Осыдан кейін оны Бүкілодақтық орталық телевизия концерттік бірлестіктері «Көгілдір экранға» жиі-жиі шақыра бастады, оның атағы музыка өнерінің көкжиегінде шырқай көтерілді. 1978 жылы оған ҚазКСР-ның еңбек сіңірген әртісі атағы, ал келесі жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы тапсырылды. 1978  жылы Әлібек Мұсаұлының Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы орындаушылығы басталды. П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегиндегі» — Ленский және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсында — Айдар, Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» — Төлеген рөлдеріне оның дауысы мен тұлға пішіні құйып қойғандай жарасты. Оларға қоса Е.Рахамадиевтің «Тың туралы әнінде» — Санат, Ғ.Жұбанованың «Жиырма сегізінде» — Қосаев, А.П. Бородиннің «Князь Игорінде»

—  Игоревич, Н.А. Римскийдің «Май түнінде» — Левко, Дж. Вердидің «Травиатасында» — Альферд, Д.Россинидің «Севиль шаштаразында»

— граф Альмавива, Руноның «Фаустында» — Фауст партияларын орындады. Оның репертуарында қазақтың халық әндері мен осы дәуірдегі композиторлардың әндері, сондай-ақ, шетел композиторларының үздік шығармалары түйдектеп ене түсті.

Әлібек Мұсаұлының әншілік биіктігі, даралығы оның Ленский рөлін атқаруда аса шеберлігін танытты. Бұл партияда оның әртістік ерекшелігі, сахналық тартымдылығы, лирикалық, поэтикалық толқулары толған айдай сезілді. Осы партияны орындаушылығы арқасында сол жылғы ең жақсы опера әншісі деп бағаланды. Театрдың опера өнерінде біте қайнап, өшпестей таңбаланды. Әрі қарай оның шеберлігі гастрөлдік сапарларда айқын байқалды. Әлібек Дінішев Кеңес Одағының көптеген аймақтарымен қатар Чехословакия, Алжир, Перу, Куба, Португалия, Финляндия, Швеция, Морокко, Ирак, Болгария және тағы да бірнеше елдерде концерттік сапармен болып кайтты.

Ол екі дүркін «Крымские зори» фестиваліне қатысты. Әрдайым қандай жарысқа қатысса да тек жаңа жетістікке жетті. Фестивальден фестивальге, қандай болмасын конкурс сынына түскенінде оған тек қана жеңіс дипломдары бұйырды. Әлібек Мұсаұлы Ресейдегі христиандық діни крестілеудің 1000 жыл толу салтанатына арналған концерт Мәскеудің Үлкен театрына шақырылды. Бұл концерт желісі Орталық телевизия хабарымен Кеңес Одағының талай түкпірлеріне жетті. Әнші: «Мен діншіл қауымның осы пиғылына таңқалдым. Христиандықтардың мерейтойына Қазақстандық әртіс құрметпен шақырылып отыр, өйткені жоғары діни басшылар менің шығармашылығымды көңілдерінен таса қылмай мұқият бақылап, бағалайды екен. Олар менің орындауымдағы «Вечерные звезды» әнін естерінде сақтаған. Осындай салтанатты мерей-тойда ән салғаныма бақыттымын», — дейді. Әлібек Дінішевтің әншілік шеберлігіне сүйсінген шетелдік белгілі азамат: «Сіз Италияда өнер тәжірибесінен өткен боларсыз», — деп сұрайды. Шындыққа жүгінсек Ерекең де Әлібек Дінішев те жоғары әншілік білімді тек қана Алматы консерваториясының шаңырағында алды. Ерекеңнің Әлібек інісінің өнерін жоғары бағалайтындығы оның сұхбатында келтірілген.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>