iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Болат Аюханов

Бұл мәлімет 186 рет қаралды

Болат Аюхановтың әкесі Қуатов Ғазиз 1905 жылы Астрахан губерниясының төменгі Басқұншақ елді мекенінде тұз өндіруші жанұясында өмірге келді. Ол өңір Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Оның әкесі түйеге артып, ағылшын өндірісінен тұз таситын. Ауыр жұмыс салдарынан оның көзі көрмей қалғасын, інісі — каршадай жас Ғазиз бұл жұмысты өз мойнына алды. Ғазиз Қызылорда қаласындағы Кеңес-партия мектебіне келіп, оқуға орналасады. 1924 — 27 жылдар аралығында, ол комсомол ұйымының хатшысы болды. Осы міндетті ұқыпты, ұйымшыл, жігерлі аткаруына байланысты Шиелінің комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Әрі қарай 1929 жылы Ленинград қаласындағы 6 айлық қаржы саласының мамандарын дайындайтын жоғары курсқа жолдама алды. Курсты тәмамдап, Алматы облыстық қаржы бөлімі бастығының орынбасарлығына тағайындалды. Осыдан бір жыл өткен соң Ғазиз Қуатовқа Қызылорданың округтық комсомол комитетінің бірінші хатшылығы тапсырылды.

Тағы да бір жыл өткенде Ғазиз Қуатов Қазақ өлкелік комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Осында жүргенінде Рахильмен танысты. Ол 1931 жылы Бүкілодақтық комсомол комитетінің қазак өлкелік комитетін басқаруға кірісті. Мәскеу маркстік-лениндік институтында білімін жалғастырды. Бір жылдай Риддерде қалалық партия комитетінің екінші хатшылық жұмысын атқарған соң, орталығы Семей қаласы Шығыс Қазакстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне көтерілді. 1938 жылдың 8 маусымы ол үшін алдағы қапас күндердің басы болып есептелінеді. Ғазиз 1938 жылдың 8 маусымы күні жалған айыппен тұтқындалды. Сол кезде Болат әлі анасы Рахильдың құрсағында еді. Ол осы жылдың 13 қыркүйегінде дүниеге келді. Рахиль Аюхановаға 1927 жылы Кеңес-партия мектебін бітірген соң оған Қарсақбай және Сайрам аудандык партия комитетінің әйелдер бөлімін басқару жүктелді.

Рахильдің қолында буыны әлі қатпаған үш ұрпағы жетімсіреп қалды. Осы қытымыр мезгілден бір жыл өткен соң, өзі де тұтқындалу қаупінен сескеніп Башқұртстандағы туыстарына аттанды. Ол керенеулеу, жұмысы алға баспаған колхозды басқаруды қолына алды, інісі болса майданға аттанды. Отбасында бас көтерер қызы Мэри ғана. Мэри мен Катаяма мектепте оқушы, Болат балалар бақшасына барды. Осы шақта балалар ауруға шалдыға бастады. Рахиль Оңтүстік өңірге ауысуды ойластырды. Олар енді Тәжікстанның Каферниган қаласына келді. Рахиль ұн тарту зауытына жұмысқа орналасты, бірақ осындағы судың ластығынан балалар қайта ауыра бастады. Жігерлі, қайсар Рахиль қызғыштай балаларын қорғап, Алматыға жол тартты. Осында Болат Аюханов әрі-беріден кейін мектепке баруы тиісті, оның жасы жетіге жақындады. Жылдар жылжып өте берді. Қиындыққа мойынсынбай, Қуатовтың ұрпақтарын ер жеткізді, тиянақты білім алуға жетектеді. Мэри институтқа, ал Катияма техникумға түсті. Өмірінің соңғы сәттерінде Рахиль балаларының мазасын алмасам екен, аурудан төсекке таңылып қалмасам екен деп тіледі. Ол 1986 жылдың 29 маусымында өмірден өтті, Кеңсай зиратында жерленді.

Анасы қайтыс болған соң, үйді басқару, іні тәрбиесін Мэри мықтап қолына алды. Шешесі қайтыс болғанда ол 26 жасқа жеткен-ді. Кезінде анасының қоштауымен Мэри Алматы мемлекеттік медицина институтына түскен-ді. Оны тәмамдаған соң, кейінірек кандидаттық диссертациясын қорғады. 1978 жылы конкурстан өтіп, Қазақ ғылыми зерттеу институтында физиология және жүктілік патология бөлімін басқарды, одан әрі директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Ол 46 ғылыми еңбектің авторы. Мэридің қызы — Гүлнара Уэльск университетінің магистранты, оның қызы — Ләйлә Беделбаева Ұлыбританиядағы Кардиф университетінің халықаралық құқық бойынша заңгері. Осылайша қазақ халқының ұл қыздары шетелдерде ғылым саласында, өнерде жетістіктерге жетуде. Болаттың ағасы Катаяма 1961 — 64 жылдары И.В. Курчатов атындағы атом энергиясы институтында ғылыми қызметкер бола жүріп, сол институтта кандидаттық диссертация қорғады. Конкурс негізінде ол Қазақстан ұлттык академиясының химия институтында көп жылдар қызмет атқарды. 30-дан астам ғылыми еңбектері баспасөзде жарияланды. Ол 1989 жылы дүние салды. ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, Тәуелсіз меценаттар клубының «Тарлан» (платина), Ыстамбулда өткен халықаралық «Фомгед» би ансамблінің айрықша сыйлығының иегері, Халықаралық акпараттық академияның академигі, өнертану профессоры, Бас балетмейстр Болат Аюханов қазақ халқының музыка өнеріндегі тарланы, дауылпазы. Ол 13.9.1938 жылы Алматыда туды.

Ғазиз Қуатовтың жанұясы 1946 жылы түпкілікті Алматыға оралып, Болат Аюханов 28-мектептің табалдырығын аттады. Алғашқы мұғалімі — Ольга Ивановна Бакланованы құрметпен есіне алады. Оның мейірімділігін көз жанарынан тануға болатын-ды. Анасы Болатты әуелі музыкалық мектепке, кейін оған қоса хореографиялық училищеге оқуға берді, өйткені, «Болат көшеде сабақтан бос уақытын орынсыз өткізбеуі керек», — деп шешті. Училищеде оқыған жылдарында Болаттың есінде балеттен ұстазы Марья Мороз берік сақталды. Ол сабақты қызықты өткізетін, балеттік классикадан сыр шертіп, Карсавина, Павлова, Фокин және Нежинский сияқты атақты бишілер өмірімен таныстыратын. Ұстаз Болатты шәкірттері ішінен дарынды деп таныды, өзгелеріне мысал етті. Болаттың алдында балеттік өнердің көкжиегі ашыла түсті. Балеттің шыңына өрлеу үшін билердің шеберлік сырын игере білу керек. Олар Болатты қызықтырып, оның қарапайым жүрісі де би қимылдарына біртіндеп ұқсай берді, тіптен би өнері оның мінезіне де әсер ете бастады.

Болат Аюханов төрт жасқа толғанында алғаш рет «Щелкунчик» балетіндегі Паде-Труаны биледі. Алматы кинотеатрларында «Үлкен концерт» атты картина сериясында Уланова, Дудинская, Сергеев, Чабукиани, Анисимова, Плисецкая сияқты Ресей балеттерінің жұлдыздары орындауында билер көрсетілді. Болаттың қиялы соларға ұқсауға алып ұшты, ол қалай да болмасын балет билерін орындауда биік шыңға шығуға дайындалды. Жастық шағында Болаттың денесі әлі де ширатылып, шыныға қоймаған-ды. Ол барлық жігерін салып тез арада шынығуға күш салды. Балет мектебінің бесіншы жылында сынып арасындағы жарыста жеңістерге жетті. Бұл кезде Болат дамылсыз денесін жаттықтырды, серіктес биші қызды емін-еркін көтере алатын болды. Болаттың жігері қалай да болмасын қиындықты жеңе білетін-ді. Болат Аюханов балет мектебіне келгеннен кейін бес жыл өткен соң, ол конкурстан өтіп, Александр Селезнев класына қабылданды. Ол хореографиялық училищенің дарынды бишісі болып есептелді. Осы жетістігі арқасында Ленинградтың А.Я. Ваганова атындағы училищеге екі жылдық дамыту курсына жіберілді. Мұнда қабылдау комиссиясы: «Тамаша дайындалған, қабылданылсын», — деген шешімге келді. Енді Болат Аюхановтың алдында балет бишілігінің шеберлігін академиялық сатыда игеру тұрды. Оның ұстаздары — Ю.И. Умрихин, А.И. Пушкин, А.И. Бочаров, Н.Н. Серебрянников, В.Э. Вебер, И.С. Милейковский. Болаттың Ленинградтық шәкірттік кезі басталды. Бұл қала мәдениет пен сәулеттің орталығы. Оларға Болат таңдана, қызыға қарайды. Алматы да осындай сәнділікке ие болса екен деп армандайды. Болат бұл қаланың көркемөнер сарайларымен, мұражайларымен танысуға кірісті. Әрине оның ең бастысы — Эрмитаж. Ол музыкалық концерттерден де тыс қалмайды. Қаланы екі бөліп жатқан Нева өзені, қаланың парктері — бәрі де Болатты өзіне тарта түсті.

Жатақханада көршісі, алдағы жылдардағы балеттің ірі жұлдызы -Рудольф Нуриев. Олар бірден-ақ достасып кетті, тілдері ортақ -қазақша және татарша. Олар бірігіп театрларға қатысты, кітапханада да қатар отырысты, қала көшелерін, Нева жағалауын бірге аралады. Дегенмен анасын, апа-ағасын аңсады. Болат училищені тастауға шешім қабылдады. Ол педагогика институтының филология факультетіне келіп түсті, бірақта бұл институтта ол екі айдан артық оқи алмады, қайтадан Ленинградтағы училищеге оралды. Ұстазы — Юрий Иванович Умрихин оны түсіністікпен қабылдады, мұндағы өмірді, өнерді игеру жалғаса түсті. Осы жылы Болат «Щелкунчик» балетінен «Гүлдер вальсін» биледі. «Мен бұл әлемде балеттік өнерден қызықты іс жоқтығына сендім. Дәл сол жерде менің жүрегімде биге деген махаббат туды. Күн сайын мен Наталья Дудинскаяны, Константин Сергеевті, Алла Шелесті, Борис Брегвадзені, Леонид Якобсонды көріп жүрдім. «1956 жылы «Анна Павлова» атты кітап жарық көрді. Біздер оның әр бетін үңіле оқыдық. «Балет тарихы» пәнін жүргізген қажырлы Мариэтта Харлампиева — Франгопуло жинастырған мұражайы училищеде бар болатын. Осында менің балетке деген сүйіспеншілігім өрбіді», — деп Болат Ленинградтық өмірін есіне алады. Дипломын қорғай сала, Болат Алматыға асыға оралды. Ол Абай атындағы ҚМАОБ театрына қабылданып кәсіби бишілікке кірісті. 1958 жылы Мәскеуде қазақ әртістерінің концерті өткізілді. Болат Асафьевтің «Бақшасарай хауызы» және М.Глинканың «Руслан және Людмила» балеттеріндегі партияларды Үлкен театр сахнасында биледі. Аты шулы балерина Ольга Лепешинская Болат Аюхановтың орындаушылығын жоғары бағалады, енді ол осыдан бастап өзінің дарынына берік сене бастады.

Болат Ғазизұлының тек қана билеушілік өнерінің шебері қанағаттандыра алмады, оны балетмейстрлік қызықтырды. Ол енді Мәскеудің А.В. Луначарский атындағы мемлекеттік театралдық өнер институтының балетмейстерлік бөліміне орналасуға шешімге келді. Бұл институттағы ұстазы — атышулы хореограф, КСРО Халық әртісі, профессор Р.В. Захаров. Институт қабырғасында профессорлар -М.В. Рождественская-Васильева, Т.С. Ткаченко және тағы басқалардан тәлім-тәрбие алды. Мәскеуде қызғылықты орындар Ленинградқа қарағанда көбірек. Солардың бәрі Болатты еліте тартатын, ал стипендия соның қайсысына жетсін? Сондықтан кешкілік қосымша табыс табу мақсатымен офицерлердің ұл-қыздарына сабақтар бере бастайды. Студенттік өмір осылайша таңнан кешқұрымға дейін үнемі ізденіспен, күн көру қамымен өтіп жатты. Болатқа денесін де шынықтыра түсуі керек, сондықтан бассейнге үзбей барып жүрді. Институтта Ф.Листің «Сүйіспеншілік қиялы» және А.Рубенштейннің «Тореадор және андулазка» балеттеріне қатысты. 1964 жыл. Болат тек қана институттағы сабақтармен шектеліп қоймай Майя Плисецкаяның А.Мессесер класындағы сабағына қатысты және Васильеваның, Максимованың, Годуновтың, Бессмертнаяның, Лиепаның, Тимофееваның және өзге де балет бишілерінің өнерлерін бойына сіңірді.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>