iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Байбосынов Қайрат

Бұл мәлімет 377 рет қаралды

Байбосынов Қайрат Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Бастау елді мекенінде 1.6.1950 жылы туған. Әкесі Әубекір (Әукен) шаруа, қыр қазағы. Етікші болатын. Әрі домбыра мен қобызда ойнайтын, әнді де тартымды орындайтын, ауыл арасында сыйлы азамат еді. Анасы — Торғын үй шаруасында болды. Жаңаарқа ауданының жері негізінен ұсақ қыратты, шоқылы жазықтық. Мұндағы ұсақ шоқылар мұжылған ескі таулардың жұрнағы болып есептелінеді. Олардың ішінде Айғыржал, Ақтасты және Көсетау шоқыларының биіктіктері 665 — 800 м. аралығында, ал қыраттары -Ақтау, Қызылтау, Өртау және Желдітау биіктіктері мың метрден сәл астам. Бұл аймақ темір, марганец, молибден, вольфрам сияқты пайдалы қазбаларға бай келеді. Құрылысқа ыңғайлы жақпар қиыршық тастар да баршылық. Бір сөзбен айтқанда ырысты аудан. Әрине, жайлау төсінде төрт түлік малдары да жеткілікті. Жаңаарқа ауданы Қазақстан халқына әйгілі, абзал адамдарымен ерекшеленеді. Олар: желдіртпе ақын Иса Байзақов, Құлтума ақын, дарынды жазушылар Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Ақселеу Сейдімбеков және Софы Сматаев, күйші Дайрабай. Осы аймақта Қазақстан Республикасының әртістері — Мүлік Сүртібаев, Шабал Бейсекова, Бекболат Тілеуханов, академик Серік Қирабаев; күйшілерден Ыкылас, Сүгір туған. Төрт жасында әкесінің тізесінде жайғасып алып ән салатын-ды. Апасы Күлән Халық театрында «Қыз Жібек» қойылымын ұйымдастырған. Сол кезде Жаңаарқада оқитын балалардың баршасы домбыра тарта білетін. Қайрат та солардың арасында. Көршісі Нұраз Төлепберген әрі әнші, әрі домбыраны құйқылжытып тартатын. Қайрат оның өнерін қызықтап, елтитін. Бұл өнерпазды кезінде Мұхтар Әуезов аса бағалаған.

Әукен Байбосыновтың Қарағандыда өткен жарысқа қатысқанын-да өнеріне тәнті болған басшылар оны Алматыға шықырады, бірақта бармады. Қайрат кім әнді жақсы шырқаса, соған еліктейтін, ұстаз тұтатын. Олардың қатарында: әкесі Әукен және әнші Игілік Омаров, талай рет жарыстарда жүлде алған ағасы Ахат Байбосыновтар бар. Қайрат әрі әнші, әрі күйші. Қызы Айша да ән салады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясын бітірген. Байбосынов әулетінен өнерлілер тараған; Қайраттың қарындасы Кенжебала, апасы Дәмен де ән сала біледі, қобыз және домбыра тартады. Сол аймақтан шыққан Серік Оспанов, Биғазы Тұтқабеков, Ғалым Мұхамедин, оның ағасы Қарақойшы және Кемал Мыңбаев, ал Қасымұқан Асанов — сазгер; Сауық Жақанова — диктор, Қазакстанға еңбегі сіңген әртіс. Бір сөзбен айтқанда Қайрат Байбосыновты сәби кезінен-ақ музыка өнерінің саңлақтары қоршады, ән айту үлгісіне тартты. Мектепте оқып жүргенінде Қайрат көркем үйірмеде ән айтуды Қайыржан Сарбасовтан үйренді. Оқушы Қайратты 13 жасында құрбылары «Жас Біржан сал» деп атайтын. Музыка өнеріне үкілі домбырасын ұстап, ұлттық киім киген Қайрат Байбосынов қазақтың қазіргі дәуірдегі сал-серілік биігіне көтерілді. Оның тамаша, шырқай салған өнерін Қарағандының, Алматының газет беттерінде талай мақалалар жарияланды. Радио және телевизия арналары оны ән салуға шақырды. 1964 жылы Алматының көптеген өнер саңлақтары — Ермек Серкебаев, Әнуар Үмбетбаев, Айсұлу Байқадамова, Қали Байжанов ақ баталарын беріп, ән әлемінде үлкен табыстар тіледі. Олар консерваторияға түс деп кеңес берді. Бірақ ол 1967 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтына түсуге келді. Сонда анасы: «Әкең болса сенің бес жасыңда қайтыс болды. Тамағыңды табу үшін келешек отбасыңды баға алатын оқуға түскейсің», — деген.

Балалықтан балауса жігіт жасына өткен Қайраттың дауысын тыңдаған Ғарифолла Құрманғалиев: — Сен әзірше ауыспалы шақтасың, ән салмай-ақ қойғаның дұрыс, домбыра ғана тарт, — дейді. Ғарифолла Құрманғалиев Қайраттың ән салуын оның 14 жасына келгенінде тыңдаған. Оның алдағы болашағына көз жүгіртіп: «Сенен дарынды әнші шығады, Құдай берген дауысыңмен ән сала бер», -деген-ді. 1967 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясына қабылданды. Мұнда қазақтың әйгілі әншілері, Халық әртістері — Ғарифолла Құрманғалиев және Жүсіпбек Елебеков ұстаздық етті. Осылайша Қайрат дана ұстаздардың қолына түсті, қамқорлығына бөленді. Қайраттың досына айналған Жәнібек Кәрменов те осы студияға сол жылы қабылданды. Қос дарын қанаттарын жая түсіп, дарынды әнші ұстаздардың қамқорлығына кіріп, әннің бай сырын, мәнерін меңгеруге кірісті. Қайрат Байбосынов консерваторияны тәмамдаған соң, «Гүлдер» ән-би ансамбліне әншілікке қабылданды. Ол мұнда 20 жылдай қызмет атқарды, ол кезде «Гүлдер» ұжымын Мәскеуде режиссерлік мамандығы бойынша білім алған Сергей Елеусінов басқарды. Қайрат «Гүлдер» ансамблінің құрамында болғанда байтақ қазақ еліндегі бармаған мекендер некен-саяқ. Ол сол жылдары көптеген шетелдерге, ТМД-ның талай қалаларында гастрөлдік сапар шекті, өнерін танытты. Қайрат Рабиғаға 21 жасында студенттік кезінде үйленген. Ол Алматы медициналық институтын бітірген, дәрігер. Олардың ұлы Мұхтар Н.Гоголь атындағы көркемөнер учлищесін аяқтаған соң, Алматының Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық институтта білім алып, бұл күндері сонда ұстаздық етуде. Қызы Хорлан — студент. Мұхтардың Алтай, Естай, Нартай есімді үш немересі қаулап өсіп келеді.

Қайратпен бір ата-анадан туған бес қыз бар. Олардың ішінде біреуі дүние салған, оның апалары Күләнда, Үмітжан, Дәбижан және Кенжебала қарындастары еңбек жолында. Қайрат Байбосыновтың ән салуы сазды, өктемді шеберлігімен қазақ қауымына бірден-ақ атағын танытты. Ол әншілік дарындылығымен қатар, жігіттік сұлулығымен де көз тартады. Оның әншілігіне қызықпау мүмкін емес! Ел ұнатқан, халық қалаған, жержүзін шарлап қазақтың байырғы ән мұрасын насихаттаған асқақ әншілік орындаушылығы үшін оған: 1980 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы, 1981 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ал 1990 жылы Халық әртісі атағы берілді. Қайрат Байбосынов, негізінен, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Сегіз сері, Естай және тағы да басқа халық сазгерлерінің әндерімен қоса, осы дәуірдегі қазақ сазгерлерінің әндерін өзіне ғана тән, қоңыр да биік дауысымен нақышына келтіре орындайды. Ол ұмытыла бастаған Ақан серінің «Шырмауық», Біржанның «Айбозым», т.б. әндерін орындау шеберлігімен гүлдендіре білді. Оларды халық арасында насихаттап, кеңінен жая түсті. «Гүлдер» ән-би ансамблінен кейін, Қайрат Байбосынов 1988 -90 жылдары «Салтанат», 1990-91 жылдары «Сазген» ансамбльдерінің әншісі болды. Ал 1987 жылдан осы күнге дейін Алматы Ұлттық консерваториясында ұстаздық атқаруда. Ол 1998 жылы профессор атағын алды. Оның шәкірттері: Ерболат Айтбаев Павлодар қаласында ән өнерінен сабақ береді; Рамазан Стамғазиев — Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, халық қалаулысы; Биғазы Тұтқабеков және Айырбек Нығызбаев Астанадағы музыкалық Академияда ұстаз; Майра Илиясова ҚР еңбек сіңірген әртісі, продюссерлік студиясының жетекшісі; Бисара Мәкенова — Көкшетау филармониясының әншісі; Бекболат Тілеуханов — дарынды әнші, сазгер, мәжіліс депутаты. Олардың үшеуі де ҚР еңбек сіңірген әртістері. Қайрат Байбосынов үлкен ізетпен, көптеген әндерді сахнаға шығарған сазгер, досы Ілия Жақанов атын құрметпен айтады. Екеуі тату-тәтті аға-інідей бола білді. Қоғам қайраткері, үздік ақын Кәкімбек Салықовпен де дос-жаран, оны аяулы аға көреді. Қайрат қазақтың аты шулы сазгері Нұрғиса Тілендиевті аса құрмет тұтады.

Әрине, халық әртісі, қазақтың озық әнші сал-серісі Қайрат Байбосынов туған ауданының сый-құрметіне бөленген, есімін, атақ-даңқын мақтан етеді. Жаңаарқа ауданы құрылғанына 50 жас толғанында, Қайратты арнайы шақырып, той жасап, ауданның «Құрметті азаматы» атағын берді. Қайрат Байбосыновтың бүгінгі шақтағы ой-мақсаты, қазақтың дәстүрлі әншілік өнеріне ақылшы болу. Ол өмір бойы Жүсіпбек Елебековті, Ғарифолла Құрманғалиевті көріп, танып, дәрістер алғанын мақтан тұтады, ал Манарбек Ержановтың ән айту шеберлігіне бас иеді. Қайрат Әукенұлы Эстрада-цирк студиясының бір кездері директоры қызметін атқарды. Гастрөлдік сапарда Мәдениеттің кіндігі -Парижге Әзидолла Есқалиевпен, Ескендір Хасанғалиевпен бірге бару, бір мейрамдай болды. Шәміл Әбілтаев турасында домбыра тартуы ерекше, ән айтуы да тек өзіне тән, деп есептейді. Қайрат Байбосыновқа да, Шәміл Әбілтаевқа да қазақтың ұлттық киімдері сондай жарасымды, оларды өзге әншілермен, домбырашылармен шатастыруға болмайды. Қазақстан Республикасының халық әртісі Қайрат Әукенұлы Байбосынов жігіт ағасы шағында, оның келесі бір белесі 60 жастық мерейтойы 2010 жылдың 1-маусымына тап келеді. Сәйгүлік үстіндегі қыран бүркіттей қомдана түсіп, ән өнерінің сиқырлы, назды тұңғиық тереңіне тыңдаушыларды еліте, таңдайларын қақтыра түсуде. ҚР халық әртісі, қазақтың еркесі, бүгінгі сал-серісі Қайрат Байбосынов алдағы жылдарда да ән өнерінің даңғыл жолы үстіндегі сайраны ұзақ жылдарға созылатынына толық сенеміз.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>