iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Бағдат Сәмединова

Бұл мәлімет 289 рет қаралды

Бағдат Сәмединова бірде Батыс Қазакстанның ауылдарына жасаған гастрөлдік сапарларында оған: «Бағдат осы сенің біздің елге қатысыңыз бар сияқты. Сенің зор, жағымды дауысың, ашық батыл мінезің соны дәлелдегендей» — деп айтқан қарияның сөзі есінен кетпейді. Бағдат ол кісіге: «Аға менің әкем ұлы жүзден, нағашыларым кіші жүздіктер, ал өзім орта жүздің қызымын», — деп қалжыңдап жауап берген. Иә, кімге болмасын қазақтың өнерлі ұл-қыздары өнер сүйгіш халқымызға ортақ. Бағдат Сәмединова Жамбыл облысы Мерке ауданында 5.2.1954 жылы дүниеге келді. Онжылдық мектепті сол ауданның Киров атындағы «Қызыл октябрь» совхозында (Ақарал елді мекені) бітірді. 1972 жылы «Алло, мы ищем таланты» атты Республикалық теледидар конкурсында Бағдат Сәмединова өзінің қатарластарынан озып, жүлдегер атанды. Бұл кейінгі жылдары талай жеңістерге ие болудың алғашқы қарлығашы. Қазақ қыздар институтының мұғалімдері осы жолы өздерінің шаңырағына оқуға түсуге шақырды, бірақ Бағдат эстрадалық студияға оқуға түсті. Онда өнердің әрқилы бағытына дайындалды. Оның ұстазы — бір кездері Әлібек Дінішевті үлкен өнер жолына шығарған, татар ұлтынан шыққан Надия Шәріпова. Марқұм Қазақстан халық әртісі Рабиға Есімжанова Бағдаттың ән салуын тыңдап, өзіне ұнағасын «Қазақконцерт» ұжымына жұмысқа қабылдайды. Ол апайымен бірге Республика аймағының біраз елді мекендерінде өткізілген концерттерге қатысады. Бағдат қаршадайынан әдеби шығармаларды ұнататын. Ақыры ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Мектептегі әдебиет сабағынын оқытушысы Шырымбала апай Бағдаттың көркем шығармаларға деген ынтызарлығын жазушылар мен ақындардың туындыларын қызықтыра түсіндіруі, талдауымен оның әдебиетке сүйіспеншілігін баулай түскенді. Сабақтардан «өте жақсы» деген баға алатын. Бағдат ол кезде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының беттерінен көзін айырмастан, бұл дүниені ұмытқандай оқи беретін. Оны Тоғжан, Әйгерім, Ажар бейнелері, олардың шынайы ыстық сезімдері, өнерлері, дәстүрлері мейлінше еліктететін. Оған Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Алтын Орда» романдарының оқиғалары желілерінің кең тыныстылығы, тарихилығы ұнайды, ал Шыңғыс Айтматовтың повестерін және романдарының бәрін қалт етпей оқыды. Ол Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» романында адамдардың қилы тағдырлары ой сарасын әр тарапқа шарлатса, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» және «Абыл туралы хикаялары», Дулат Исабековтің «Тіршілік» атты әңгімелер жинағы осы дәуірдің үздіктері деп таниды. Ақындар арасынан Абай, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынованың өлеңдері оның мейлінше поэзияға деген ынтызарлығы мен қызығушылығын күшейтті. Бағдат: — Мен өлеңнің мазмұнына, мәнеріне, поэтикасына аса мән беремін, — дейді. Оған шетел жазушыларынан Мопассан, Жюль-Верн, Дюма, Бальзак романдары, повестері, әңгімелері және драмалары ұнайды.

Ол осылай өзінің рухани деңгейін әдебиеттің алуан туындыларымен тығыз танысып өсіре түсті. Университетте оқыған жылдары филология ғылымдарының профессорлары — Р.Бердібаевтан, З.Қабдолловтан және Ж.Дәдебаевтан тәлім-тәрбие алды. Дикциядан Мырзабеков сабақ берді, осылайша университет қабырғасында әдебиетті терең игерді. Бағдат ән айтуымен қатар киім тігуде де айтарлықтай шебер. Тігін тігу оның өмір бойғы машығы. Ол сіңлілерінің, қыздарының киімдерін мезгіл талғамына лайықты етіп пішіп, тіге біледі. Тоқыма тоқу да Бағдаттың бос уақыттағы ермегі, адам көңілін орнына түсіріп, жағымсыз жәйттардан арашалайтындай… Бағдаттың екі сылқылдаған, көркем, сұлу Меруерт және Марал есімді қыздары бар. Үлкені Меруерт тұрмыс құрған. Айдана атты немересі бар. Меруерт Қазақ радиосында диктор, телевизиялық арналарда жүргізуші. Бағдаттың екі қызы ҚазҰУ-де Меруерт филология, ал Марал тарих факультетінде оқыды. Бағдат Сәмединова эстрадалық училищені аяқтаған соң, бірден «Қазақконцерт» ұжымына жұмысқа алынды. Бағдаттың шешесі Жыраш, әкесі Сәмедин өлең айтудан құр алақан емес-ті. Ол есін білгелі шешесінің тойларда, үйінде де ән салуын ертеден-ақ байқағанды. Жыраш ананың қасына ылғи Бағдат еріп жүретінді. Оның ән құмарлығының түп бұлағы шешесінен дарыған. Бағдат мектепте жүргенінде анасы қайтыс болады. Анасының ағасы Дулат оның тумаларының қарсылығына қарамастан ұрлап, өзінің үйіне алып кетеді. Шу ауданындағы сол үйде бес жыл оқыған соң, Бағдат ауылына оралады. Енді әкесінің інісі Хамиди оның зайыбы Қаршагүлдің жанұясында 10 жылдық оқуды тәмамдайды.

Мектепте оқып жүргенінде көркемөнерпаздар үйірмесінде құрбыларының ортасында «прима» болып аталынады. Облыстық, республикалық фестивальдерде лауреат атанды. 1972 жылы «Алло, мы ищем таланты» атты теледидарда республикалық жас талапкер әншілердің жарысы өткізілді. Бұл жолы да Бағдат жеңіске жетті. Бағдат Сәмединова гастрөлдерге шығуы арқылы республикамыздың талай қалаларымен, елді мекендерін аралап, Көкшетаудың Бурабай көліндегі «Оқжетпесті», Шығыс Қазақстанның Марқа көлін, Павлодар облысының Жасыбай көлін, Атыраудың мұнай өндірілетін Құлсары, Қаратон, Мақат өнеркәсіп елді мекендерін, Оңтүстік Қазақстан облысының мақташыларының қызметін, өзінің туған Жамбыл облысының аймақтарымен жете танысады. Ол Италияда өткен фольклорлық фестивальге екі дүркін қатысып «Гран-при» жеңіп алады. Испания еліне «Сазгер» ансамблімен бірге қазақтың әншілік биік тұғырын, керемет асқақтығын, сонымен қатар ұлттық сәнді киімдерінің үлгісі мен өрнектілігін таныстырды. Бағдатты эстрадалық студияда оқып жүргеніңде бір концертте айтқан әндері ұнағасын композитор Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» оркестрімен бірге ән шырқауға шақырды. Оның алдында Алтынбек Қоразбаев, Жамбыл облысының филармониясын басқарған кезінде, Бағдаттың орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің «Ай қараңғы, таң жарық», «Өз елімде» әндерін оркестрге түсіреді. Бағдат аса дарынды композитор Н.Тілендиевтің жоғары бағалауын естігеніне өзін бақыттымын деп есептейді.

Әнші Құрманғазы атындағы оркестрмен бірге Түркия елінде бірнеше концерттерге қатысты. Ондағы Ыстамбұл, Анкара қалаларының теңіз жағалауындағы курорттардың сәнділік ерекшеліктерімен тікелей танысты, қаланың Еуропа бетіндегі алып мешіттердің кереметіне таң қалды. Бағдаттың жанұясы Алматының «Ақсай» шағын ауданында тар үйде тұрып жатады. Осы кезде концерт үстінде Бағдаттың әндерін тыңдаған Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов қабылдауына шақырады. Бірақ, біраз мезгіл оның сәті түспейді. Бағдат үнемі концерттер беру сапарларынан босай алмағанды. Ақыры сәті түскенде әкім одан жанұяның мүшелерінің құрамын, үй жағдайын сұрастырады. Сосын ол күтпеген жерден: «Бағдат сіздей қазақ халқының сүйікті қызына қаланың орталығына жақын орыннан үш бөлмелі үй жақын арада беріледі», — деп қатты шаттандырады. Бұл күні Бағдаттың төбесі көкке жеткендей, үйіне барып екі қызын қуантады. Ол Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов, Жоламан Тұрсынбиев, Бәйтереков, Ескендір Хасанғалиев, Нұрлан Байғозов сынды сазгерлерді аса құрметтейді. Олардың әндерін сахна төрінде, теледидар және радио арналарында орындау — ол үшін мәртебе. Бағдат сондай-ақ, Сейфуллин Жолбарыс, Ринат Ғайсин, Әлібек Әндінұров сынды жас композиторлардың әндерін орындайды. Солардың ішінде «Сағындым сәулем» әнін айтуы қалың қауымға ұнайды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Н.М. Иванова-Сокольская: — Бағдат қазақ эстрадасының мақтанышы, ол алғы шептегі өнерпаз, — деп әншіні бағалады. Оның телевизия арнасында үнтаспаға түсірілген жеке концерті көрермендердің назарына ілініп, зор ықыласына бөленді. Әншілік өнерінің биік шеберлігіне, талғамына репертуарының алуандығына қарап, оны қазақ эстардасының жұлдызы деп бағалауымыз керек. 2009 жылдың соңында Бағдат Сәмединова Республика сарайында тағыда жеке концерт беріп, тыңдармандарына жаңа бір шабытты қырынан танылды. Ол Қазақстанның талай әншілерінің концерттерінде бірнеше әндерді биік шығармашылық дәрежесінде орындауда. Бағдаттың мінезі ашық, адамға жұғымды. Оған 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Ол Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының иегері.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>