supermarket

Азық сапасын бағалау

Малға берер алдында және азықтандыру барысында шаруашылықта дайындалған азықтардың сапасын анықтап, бақылап отыру қажет. Өйткені ерте дайындалып, біраз уақыт сақталған азықтардың сапасы кеміп кетсе, малға пайдасы шамалы. Бірақ дербес шаруашылық иелері жаңа сатып алынған азықтың қоректілігін, жұғымдылығын анықтауда күрделі аппараттар қолдана алмайды. Сондықтан көбінесе көз мөлшерімен шамалап, иісіне, түсіне қарап анықтайды. Жоғары сапалы пішен хош иісті, түсін жоймаған, ірі, қатты сабақтар араласпаған жұмсақ, жапырақтарын толық сақтаған, зиянды даулы өсімдіктерден таза, шаң-тозаңмен ласталмаған болып келеді. Ылғалдылығы 17% -дан төмен болуы керек. Оны дербес шаруашылықтар жағдайында былай анықтауға болады: бір уыс пішенді алып бұрағанда немесе мыжығанда, шыртылдап, сына бастаса, ол кеуіп кеткендігінің белгісі. Жас пішенді арқан сияқты бұрап тұрып, жібере салғанда қайта тарқатылады, қолға жұмсақ тиеді. Жағымды иіс шығады. Бұл пішеннің қоректілігінің жақсы екендігін, әсіресе, каротиннің сақталғандығын көрсетеді. Сапасы нашар, ылғалдылығы 22-23% пішенді бұрағанда одан су шығады, алақан сөлденіп қалады. Малға қолды тереңірек тыққанда қолға жып-жылы тисе, бұл пішеннің қызып, бүліне бастағанын байқатады. Күйіктің иісі шығып, түсі қарая бастаса, оның 80° С-қа дейін қызғаны. Пішеннің түсі қара-қошқыл болса, оның жауынды күні жиналғаны. Жауынды күні жиналып, жеткілікті кептірілмеген пішен шіриді. Ондай пішеннен қара шіріктің, қидың, жалбыздың, топырақтың иісі шығады. Ылғал күйінде жиналған пішен қара күйе сияқты зиянды микрофлорамен тез зақымданады, жапырақтар мен сабақтарына ноқаттар түсіп, қызыл немесе қызыл сары түс пайда болады, масақтарын зиянкестер кеміріп тастаған секілденіп көрінеді.

Мал азығы ретінде сақталатын сабанның ылғалдылығы 16% -дан аспауы керек. Ол органикалық көрсеткіштері бойынша үш категорияға бөлінеді. Біріншісі — жоғары сапалы, түсін бұзбаған, хош иісі бар, түсі жылтырауық және иілгіш келеді. Екіншісі — сапасы орташа түрі. Бірақ мұның да шіріп борсығаны, көгеріп-қызғаны, мұз қатқаны 10%-дан аспауы керек. Дегенмен, оның ептеп қаракүйесі, шаңы, ылғалы болады. Үшіншісі — сапасы өте нашар түрі. Малды азықтандыруға жарамсыз, сабанның 10%-дан астамы бүлініп, тоттанып кеткен болып шығады. Құрамында жасұның көп (31 -42 %), қоректілігі төмен, қорытылуы нашар күздік дәнді дақылдар сабаны тым қатып кеткендіктен мал азығына жарамайды. Сондықтан мал азығына жаздық дәнді дақылдардың сабанын пайдаланған жөн. Олардың ішінде құнарлылығы жағынан тары, арпа, сұлы, бидай, қара бидай сабандары жақсы. Ал күріш сабаны арнайы өңдеусіз нашар қорытылады. Сондай-ақ, пішенді де мал түлігіне қарай үйлесімді пайдаланған жөн. Жайылым отын әр малдың өзінше теріп жейтіні жалпыға мәлім. Мысалы, ірі қара өткір иісті шөпті онша сүйсініп жемейді, ал қияқтан бас алмай жайылады. Жылқы хош иісті, қатты пішенді жақсы көреді. Пішендеме сапасын да түр-түсі мен иісіне қарап анықтауға болады. Жоғары сапалы, құнарлы, жақсы сақталған пішендеменің иісі өте жағымды, жаңа шабылған жас шөптікіндей, түсі ашық көк, ашық сүр (беденікі-қоңырқай, қоңыр), жапырақтары жақсы сақталған, қарайған белгілері немесе иісі болмайды.

Сүрлем сапасын сүрлемнің түсі, иісі, қышқылдығы бойынша анықтауға болады. Шабылған кездегі түсін онша өзгертпей сақталған, көк немесе сөл сарғыш тартқан сүрлемге жоғары, ал қоңырқай тартып, тіпті қарайған сүрлемге төмен балл (0-З дейін) беріледі. Хош иісті жемістей немесе жаңа піскен нан иісті сүрлемге жоғары баға — 4 балл, ал ашқылтым, сәл сірке суы немесе тұздалған қияр иісті сүрлемге 2-3 балл беріледі. Қатты борсыған, жағымсыз, май қышқылы иісті сүрлем ең төменгі — 1, тіпті 0 баллмен бағаланады. Сүрлемнің ең көп балл (0-5 дейін) алатын сапалық көрсеткіші оның қышқылдылығы болып табылады. Сүрлем қышқылдығын жарты стакан сүрлемнің 1/3 бөлігін тазартылған суға араластырып, 20-30 минут өткен соң оған әмбебап лакмус қағазын батырып алу арқылы анықтайды. Ол қағаздағы түрлі-түсті межеліктер сүрлем құрамындағы сутегі атомының шоғырлану деңгейін көрсетеді. Егер ол көрсеткіш азықты сүрлендіруге қажетті қышқыл мөлшері 4,0-ке жақын болса жоғары — 5 балл, 5-ке қарай жылжыса — 3-4 балл, ал 6-дан аспаса — 1 балмен бағаланады. Осы үш көрсеткіші бойынша жалпы балл қосындысы 11-12 болса, сүрлем өте жақсы, 9-10 балл жинаса — жақсы, 7-8 балл жинаса орташа, 4-6 балл жинаса нашар деп бағаланады да, 3 балдан аспаса, ондай сүрлем мал азығына жарамсыз деп табылады. Сонымен қатар, сүрлемді бағалағанда оның басқа заттармен, әсіресе топырақ, батпақпен, ласталмағанына, консистенциясының сақталғанына да назар аударады.

Дәнді азықтардың түсі, жылтырлығы, иісі, дәмі, қышқылдығы, ылғалдылығы, температурасы, сақталу мерзімі, абсолюттік салмағы, тазалығы, қамба зиянкестерімен зақымданбағаны оның сапалық көрсеткіші болып табылады. Кейбір дақылдардың (жүгері, бұршақ, жасымық, бидай, тары, т.б.) түсі олардың басты сапалық белгісі болып табылады. Өйткені түсіне қарап дәннің піскенін, жетілгенін, үсікке ұшырамағанын, дұрыс сақталғанын ажыратуға болады.Тамырын үсік шалған дәннің түсі ақшылдау келіп, беткі жағын торкөз әжім жабады. Пісіп-жетілмеген дәннің тамырын үсік шалса, ол күңгірттеніп, қоңырланып, шор болып қалады. Аңызақ шалған дәннің түсі күңгірттеніп, семіп қалады. Дұрыс құрғатылмаған дән қарайып, құрамындағы крахмалы азайып кетеді. Сапалы, дұрыс сақталған дәннің сыртқы қабығы біртегіс жылтыр, табиғи түсі өзгермейді. Ал сапасыз қабығының дәннің жылтырлығы жойылып, ұштары қарайып, дақтанып, сұрғылт немесе қоңыр түсті болады. Дәндердің бұзылмай, жақсы сақталуы үшін олардың ылғалдылығы 14-15%-дан аспауы керек. Дәннің ылғалдылығы мөлшерін былай білуге болады: уыстап қысқанда құрғақ дән сықырлап, қолға қатты батады. Тіске салып шаққанда тез шытынап уатылады, ал дымқыл дән мылжаланып, тіске сағыздай тиеді. Ұнды түсіне, иісіне, қышқылдығына, зиянды қосындылармен және қамба зиянкестерімен ластану дәрежесіне қарай бағалайды. Жаңсы сапалы үнның түсі ақсүр болып келеді, қарайғандығы байқалмайды. Иісі жағымды, бөгде иіс сезілмейді. Қышқылдылығы Тернер көрсеткіші бойынша 45° С-тан аспайды. Шіріген иісті, борсыған, қышқыл не ащы дәмді, қамба зиянкестерінің ұрығымен (қаракүйе) ластанған үн мал азықтандыруға жарамайды.

Мал азығына арналған картопты сыртынан және қабығын аршып көріп, мұқият тексереді. Картоп түрлі бактериоздармнн, саңырауқұлақтармен бүліне бастаса, малға беру нормасы 50% азайтылады. Аталған аурулармен үштен бір бөлігі бүлініп, шіри бастаған картопты малға тек пісірілген күйінде ғана береді. Пісірілген картопты бөлгенде түсі ақ болса, бөлінетін жері үгітіліп тұрса — сапалы болғаны. Егер қарайып, суланып, жағымсыз иіс білінсе — орташа, ал көбірек суланып, қатты иістеніп, қарайған болса — сапасы нашар болғаны. Үштен екі белігі бүлінген картопты мал азығына пайдалануға болмайды. Қажетті жағдайда картоптағы крахмал мен солонин мөлшерін де анықтайды. Сондай-ақ қант және азықтық қызылшаның сапасын анықтау қажет болса, олардың құрамындағы нитраттар мөлшерін табу керек. Топ, сығынды, сірне сияқты техникалық өндіріс қалдықтарының құрамындағы бос қышқылдар да анықталуға тиіс. Өйткені, олардың шамадан тыс мөлшері ас қорыту мүшелерін бұзып, зат алмасу процестеріне зиянды әсер етеді. Майлы дақылдардың қалдықтары — күнжара мен шроттар сыртқы түрі-түсі, бөлшектерінің тығыздығы, иісі, құрамының бірқалыптылығы, тазалығы, химиялық құрамы бойынша бағаланады. Зығыр күнжарасын арнайы әдіспен шырыштау арқылы тексереді. Ол үшін ыдысқа бір қасық ұнтақталған күнжара салып, үстіне он кесе ыстық су құяды да әбден араластырып, тұндырады. Сапасы жаңсы күнжара сөл ғана кілегейленген (шырыш тәріздес) затқа айналады. Мақта күнжарасында улы госсипол болатындықтан, оны 10-20% мөлшерден асырмай, әрі асқан сақтықпен қолданады. Жануар өнімдерінен жасалатын сүт және сүт өнімдері, көк сүт, сүзбе, сүт сарысуы, ет-қан, ет-сүйек, балық ұндарын мал азығы ретінде пайдаланғанда оларды түсіне, иісіне, ұнтақталу дәрежесіне, тазалығына қаран бағалайды. Ұндардың түсі оларды өндіру тәсіліне және құрамындағы сүйек мөлшеріне байланысты келеді. Ет-сүйек ұнының түсі ақ-сұр, ет үнынікі сары-сұр, қоңыр, қандікі — қоңыр, балық үнынікі — сары-сүр, болып келеді. Бірақ балық ұнында тотық бояуы байқалмауы керек. Сапалы үндарда шірік, тағы басқа жағымсыз иістер болмайды. Ұн сапасына күмәнданған жағдайда стаканға аздап ұн салады да, ыстық сумен араластыра отырып, қоймалжың болғанша былғайды. Ұн жарамсыз, бұзылған болса, жарты сағаттан соң шірік иісі шыға бастайды. Жануар өнімдерінен жасалған азықтарда протеин мөлшері жоғары болғандықтан, оларды сақтайтын жердің құрғақтығын қадағалау қажет. Тым ылғал жерде олар тез бүліне бастайды. Анда-санда азықтың ұндардың ылғалдылығын байқау үшін оларды уыстап алып сығымдайды. Құрғақ, жақсы сақталған ұн қолға жабыспай, сусып тұрады.

Leave a Comment

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.