iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Айжан Нұрмағамбетова

Бұл мәлімет 219 рет қаралды

Айжан Нұрмағамбетова Қостанай облысы Саркөл ауданында 7.6.1956 жылы дүниеге келген өте ширақ, шалқыған ақ көңілді жан. Оның әкесі Қабдуғали Нұрмағамбетов жоғары білімді ауылшаруашылық институтында алған. Кейінірек Алматының жоғарғы партия мектебін бітірген соң, автомобильдер жолдары министрлігінде, білім қоғамында қызмет істеді. Алматы қаласының Октябрь аудандық атқару комитетінің социалдық қамтамасыз ету бөлімін басқарды. Айжанның анасы Сапаева Сара Мұхаммедқызы екі қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірді. Ол Алматының Темір жол институтының есеп факультетін тәмамдап, Мемлекеттік баспа комитетінде бас экономист, есепші қызметін атқарғанды. Нұрмағанбетовтердің тұңғышы — Айжан Нұрмағамбетова. Ол екі жоғары оқу орнын бітірді (филолог және заңгер). Айжан бірде қыраттан жүгіріп төмен түскен кезде қалың қарға иегіне дейін батып, одан әрең дегенде шығып, өкпесіне салқын тигізіп алады. Осы оқиғамен қатар оның есінде өзі ауыз суды қыс күндері өзеннің мұзын ойып алып, үйге қапшыққа салып алып келіп, қазан астына от жағып ерітетіндігі қалыпты. Ол кезде газ жоқ-тұғын.

Нұрмағанбетовтердің жанұясы Қостанай облысында Айжан 9 жасқа келгенше тұрды. Әкесінің Алматыға жұмысқа ауысуына орай Айжанның одан арғы өмірі Алатау баурайында өтеді. Қостанайдың 40 градусқа дейін жететін аязды күндерінен кейін Алматыдағы өмір оған жұмақтай сезілетін. Алматының жайма шуақ күні жаңға жайлы, көңілді көтереді. Күнге шағылысқан қарлы-мұзды шыңдар көз тартады, өздеріне шақырғандай… Айжанның ата-анасы өнерлі жандар. Әкесі домбыра шерте отырып ән салса, анасы жұбайымен жұп болып орындайтын. Айжанның атасы Нұрмағамбет Қостанай маңындағы ауылдарда өтетін тойларда жырлар айтып, домбырасын қолына ұстап ән салатын. Ата-анасы да ән шығарған. Келешек әнші балауса қыз Айжан ата-ананың әншілік өнерін құлағына сіңіріп өсті. Әжесі ұлы әскерге кеткен соң, сағына күтіп, баласына арнап ән шығарғанын есіне алады. Айжанның нағашы атасы — Мұхаммедке 1937 жылы жалған айып тағылып, халық жауы аталып, атылады. Оның жерленген орны белгісіз. Қазақтың қаншама аяулы азаматтары осындай қорлыққа ұшырады десеңізші!

Айжан тілі шыға бастағаннан-ақ ән сала бастапты. Алматыға жанұясы көшіп келген соң, І-Алматының теміржолшылар сарайында сахнаға шығып ән салып жүрді. 9-10 жасында облыстық мұғалімдер үйіндегі «Как много девушки» атты өнер ансамбліне қатысады. Қыздар тобы үрмелі музыкалық аспаптардың демеуімен ән салатын қазақ қызын іздейді, ақырында олар Айжанды табады. Сол мектептің ансамблінде ол София Ротарудың репертуарынан әндерді орындайды. Айжан 1985 жылы Мәскеуде өткізілген дүниежүзілік жастар және студенттер фестиваліне қатысып, мақтау дипломын жеңіп алды. Ол «Қазақконцерт» бірлестік ұжымында 12 жыл аянбай еңбек етіп, одан кейін оны «Гүлдер» ән-би ансамблі құрамына шақырды. Мұнда Мақпал Жүнісова және Сембек Жұмағалиевтермен қатар ән салды. 1995 жылы Айжан Нұрмағамбетоваға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. 1997 жылы Айжанды «Қазақконцерт» бірлестігі қайтадан шақырды. Ол содан бүгінге дейін осы ұжыммен бірге.

Бір күні декан Т.Қожекеев Айжанға: «Неге заңгерлер факультетінің ансамблінде ән айтасың, неге журналистер факультетінің ансамбліне кірмейсің», — деп ренішін білдіреді. Факультет ансамблінің бір жігіті Айжанмен амандасады да: «сені ертең кешкі жетіде күтемін», — дейді. Айжан кешке кездесуге келгенінде мұнда жалпы университеттік ансамбль құрамын көреді. Залдың есігі айқара ашылғанда қарсы алдынан жасы отыздар шамасындағы Сейдолла Бәйтерековті көріп, танысады. Осында Айжан Сейдолла Бәйтерековтың «Малая земля» әнін орындап, бірінші орынды жеңіп алады. Бұдан кейін Сейдолла Бәйтереков Айжан Нұрмағамбетоваға арнап ән жаза бастады. Оның алғашқысы — «Биле жастық» әні болды. Айжан бес жыл сол университеттің ансамбль құрамында ән салды. Бейбіт Дәлденбаевтың «Ақ канат», «Ақ тілек», «Кездесейік» әндерін Айжан дуэтпен орындады. Бейбітке ілесе Еркін Слетдинов «Биле-биле» әнін Айжанға арнады. «Тамаша» ансамблі құрамы мен «Алты бақан» бағдарламасында жиі көріне бастады.

Оның ән орындау шеберлігі шарықтай түсті. Келесі жолы жас сазгер Болат Қабынбаев әншіге арнап «Аралым» әнін жазды. Айжан қатысқан концерттерде «Кездесейік» және «Достар-достар» тыңдаушылардың шынайы көңілдерінен шығып, жоғары құрметке бөленеді. Оның орындауындағы ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла», «Тірлік» әндері көпшілік қауымның көңлінен шығады. Айжанның орындауындағы 12 ән жазылған үнтаспасы жарық көрді. Осылардың ішінде «Мен деп ойла» ең бір әйгілі әнге айналды. Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің Айжанға арнап жазылған «Алғашқы махаббат» әні ерекше. Әдетте композитор әнді шебер орындайтын әншіні іздейді. Жас сазгер Мұхтар Сәдібеков Айжан Нұрмағамбетоваға әндерін көрсетеді, таныстырады. Оның Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған твист сарынындағы «Жүрегімді тербейді» және «Щилі өзен» әндері Айжанның визиткасы тәрізді.

Айжанның жас сазгерлермен танысуы жалғаса түсті. Ақтөбе қаласынан біреу телефон шалып, есімін Бақтығали Жұманов деп таныстырып, әндерін көрсеткісі келетіні айтады. Айжан әдетте жас талапкерлердің бетін қайтармайды. Ол сол әндерді тыңдаған соң ішінен он жеті әнді қалап алады. Оның ішіндегі екеуін сахнаға шығарады. Оның ең бір танымалысы — Мұқағалидың сөзіне жазылған «Бақыт» әні. 2000 жыл Айжан үшін ең бір қиын кезең болды. Бек Оралбековпен бірге жол апатына ұшырайды, ол мұндай тағдыр сынына табандылық көрсетіп төзе білді. Ол Бек Оралбековпен 1999 жылы танысқанды. Бұл күндері олардың арасында ұзақ жылға созылған шығармашылық бірлестік жалғасуда. 1999 жылы «Азия дауысы» фестивалінде Бақытжан Исаев орындаған бір ән Айжанға өте ұнайды. Оның әуенін де Бек Оралбеков жазған. Осы жылы Айжан жасы 19 шамасындағы Александр Шевченкомен танысты, Осыдан соң бұл екі жас сазгермен шығармашылық бірлестік құрды.

Бектің «Ветер странствия», «Махаббат», «Қайдасың», «Ерке күндер», «Қоңыр қаз», «Мама» және басқа да көптеген әндері Айжанның репертуарында халайық естіп жүр. Александр Шевченко Айжанның туған күніне арнап сыйлық ретінде ән жазды. Ол Табылды Кенжетаевтың сөздеріне жазылған «Корабли», «Назови меня самая любимая», «Две любви», «Птица белая» және «Гуляй душа» әндерін музыкалық аспаппен өзі сүйемелдеді. Кейін Айжанның орындауында альбом болып жарыққа шықты. Сонымен қатар олардың ішіне Әсет Бейсеуовтің және Мыңжасар Маңғытаевтың әндері кірді («Үмітім менің» әні Ә.Бейсеуовтікі болса, «Ақ киігім» әні М.Маңғытаевтікі»). Екінші альбомға Кеңес Дүйсекеевтің орыс тіліндегі әні «Я люблю» (сөзі Марина Атамқұлованікі). Айжан К.Дүйсекеевтың 60 жылдығына арналған кеште осы әнді орындады. «Я люблю» деген атпен үнтаспа шығарды, оған 10 ән кірді. Ұлты ұйғыр Әділ Жамбакиев 1995 — 96 жылдары Айжанға бір әнді ұсынады, өзі клавишті аспапта ойнайды. Оның бұл «Не спеши ссориться» әні кейін тыңдаушылар арасында кеңінен таралды. Қалың қауым концерттерде Айжаннан осы әнді орындауды өтінеді.

Соңғы кездерде Сымбат Ракишев әндерін өңдеп, саксофонмен сүйемелдейді. Төлеген Мұхамеджановтың «Мен деп ойла» әні төрт рет өңделді, бірақ көңілден шықпады. Тек Сымбат Ракишев оны бесінші рет өңдегенде Айжанға ұнады. «Қазақстан» телеарнасында Айжан Нұрмағамбетова Лаки Кесоглумен және Қайрат Түнтековпен бірігіп ән айтты. Бек, Сымбат және Айжан үшеуі бірлесіп шығармашылық жетістіктерге жетуге ұмтылуда. Бектің Әлия және Андрей Беляевтармен танысуы ерекше орын алды. Олар Айжанға «Сүйгенім», «Сен менің жалғыз сыңарымсың», «Қарағай вальсі», «Сәт сапар», «Я никак не состарусь» сияқты махаббатқа арналған әндерін жібереді. Ол әндердің сөзін жазуға Марат Ілиясов, Бек Оралбеков, Еркеш Шәкеев, т.б. сазгерлер атсалысқанды. Бұлардың бір-біріне шығармашылық тұрғыда көмектесулері Айжанға ұнайды. Әншінің Алматыда, Астанада және Қарағандыда концерттері ұйымдастырылды. 2005 жылы осы азаматтардың көмегімен қаражат жиналып, Айжанның 25 жылдық шығармашылық кезеңіне арналған концерт өтті. Айжан жастайынан шаңғы тебуге машықтанған. Оның сұңғақ, қуатты денесі спортпен шұғылдануға икемді-ақ. Қазақстанның әншілері ортасында ерекше орны бар, ерекше сазды дауысты Айжан Нұрмағамбетова әншілік өнерін дамытуда тынымсыз еңбек етуде. Айжанның жалғыз ұлы — Диас. Ол заңгерлік және журналистік екі дипломға ие.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>