iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Айнақұлова Ұлжан

Бұл мәлімет 332 рет қаралды

Айнақұлова Ұлжан Жамбыл ауданының тау етегінің жайлауындағы киіз үйде (Ұзынағаш ауданы) Бисенбай және Қатипа Құрышбековтер жанұясында өмірге келген болатын. Айнақұлова Ұлжан одан кейін өмірге тағы да бір қыз, екі ұл туды. Бисенбайдың балдызы Өстен Айнақұлов баласыз еді. Айнақұлова Ұлжан үш жасқа толғанынан бастап нағашысы Өстен Айнақұловтың үйінде тәрбиеленді. Бұл жанұя Ұлжанға қоса тағы да Сағымгүлді асырап алды. Ол Ұлжаннан 6 жас үлкенірек еді. Айнақұловтар тұқымы Сүйінбай жыршы мен Жамбыл атаның ұрпақтары. Сондықтан Ұлжанның сәби кезінен-ақ жыр-терме толғаулар құлағына құйыла түскен-ді. Оларға қоса шертпе күйлерін сүйсіне тыңдап өсті. Қарасу ауылы — Қырғыздармен көршілес, жақын еді. Ұлжанды асырап алған әкесі Өстеннің асаулау Қарагер аты бар-тұғын. Ұлжан бес жасында оған мінуді әкесінен өтінеді. Әкесі Ұлжанның бетін қайтарып көрген емес, өле-өлгенше еркелетіп өсірген. Тау беткейінде гүл кілемі көздің жауын алады. Өжет, қайсар мінезді Ұлжан Қарагерге мінуін мінгенмен, ол аттың тізгінін игере алмай құлап түсті, бірақта қайсар мінезді ол жыламады. Іле тауының баурайы бүлдіргенге толы. Жасөспірімдерге бүлдірген жинау қызықты, дорбаларына оның жемісін толтырып үйге әкеліп, қант араластырып шай ішкен тамаша еді. Тау жоталарын қуалай аққан өзен ирелеңдей түседі, су ағыны мұздай-ақ, одан балалар мен қыздар әрлі-берлі балақтарын түріп өткендерімен шомылудан сескенеді. Киіз үйлер тау етегіндегі жазықтықта қатарлап тігілген. Отар-отар қойлар тау бөктеріне көтеріліп жайылуда. Кісінеген айғыр басқаруымен жылқы үйірі жаз да шұрқырай өзен ішінде шұлғи түседі. Қара сирақ ұлдар, бұрымдары арқасына түскен қыз балалар бірін-бірі қуып асыр салуда. Ұлжан ән салуды төрт жасында бастады. Оның орындауындағы алғашқылары — қырғыз әндері. Қазақтың ең бір сүйікті дәстүрі той-думан емес пе! Енді ауылдың тойлары Ұлжанның әнінсіз өтпеуге айналды.

1966 жылы Ұлжан он алты жасында әкесінен жалынып домбыра сатып алуын өтінді. Ол мәз-мейрам. Ән салуды Ұлжан «Елім айдан» бастады, 8-сыныпта домбыра тартып үйренгесін «Кеңес» күйін орындай бастады. Ұзынағашта ән байқауы өткізіліп тұратын. Ондай байқауларға Ұлжан әрдайым қатысып жүрді. Ол сахнаға түймедей болып шығып, әнді шырқағанда клуб төбесі шайқала түскендей, оның сыңғырлаған даусы желпінді, жіңішке сарынды, құлаққа жағымды-ақ. Аудан тұрғындары Ұлжан Айнақұлованың аты шулы әнші болатындығына үлкен үміт артты. Ұлжан радио, телеарналардан Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды дарынды апаларының ән салу шеберліктеріне мейлінше қызыға түсті. Өзі де байқауларда мақтау қағаздарын иелене бастады. 1976 жылы мектепті үздік бітірген соң бауыры Момыш ертіп, Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне түсіреді. Ұлжанның қиялы — эстрадалық ансамбль әншісі болу. Ән сабағының жетекшісі — доцент Галина Карамулдаева, институт ұжымында аса беделді. Ол Ұлжанды ән айту шеберлігінің биік қырына баулап, жетектеуді жалғастырды, әншілік мамандығын озық игеруіне әсер етті. Ұлжан институттың екінші курсынан бастап Мұрат Балтабаевтың жетекшілігіндегі «Айгүл» ансамбліне қабылданды. Алда Қазақстанның байтақ елді-мекендерінде концерттік гастрөлдер басталды. Ұлжан сол кезде Жетісудың халық әндерін, Дүнгенбай Ботпаев, Бақытжан Байқадамов, Өмірбек Байділдаев сынды сазгерлердің әндерін орындады. Гоголь және Мичурин көшесінің қиылысындағы жатаханада студент жігіттерідің кешке қарай қаумалайтын орны. Сұлу қыздарды бөлісе алмаған олар кейде төбелеске дейін баратын.

Ұлжанның сыныптас төрт жігіт жолдастары Алматы институттарына түскен. Олар осында келіп, Ұлжанды себеп қылып қыздармен танысуға тырысады, баққандары осы институттағы би кештері. Осы шақта Ұлжанға бір жігіт ұнағандай, бірақ оған ғашық емес. Өмірінде жігітке ғашық болып көрмеді, ондай жан кездеспеді. Ауылшаруашылық институтының соңғы курсында оқитын шымкенттік бір жігіт Ұлжанға сөз салады. Оған деген Ұлжанның жүрегінде ғашықтық сезім оянбады. Ол Ұлжанға да шешесіне ұнамады, әйтсе Ұлжанмен жанұя құра алмады. Институтты бітірген соң Ұлжан Айнақұлова ауылына жұмысқа орналасуға жолдама алды. Аудандық мәдениет бөлімінің «Құлансыз» фольклорлык ансамблінде қызметке кірісті. Бұл ұжым құрамында 20 шақты бишілер мен әншілер бар. Ансамбльді Қазақстанның әйгілі композиторы Әсет Бейсеуов құрған. Ұлжан лирикалы, жанға жағымды, дауысына лайықты әндерді қалады, жетісулық ән мектебінің өкілі, Жамбылдың келіні Қымбаттың орындайтын әндерін үйреніп, айтып жүрді. 1988 жылы Ұзынағаш елді мекеніне атақты қонақтар келе қалды. Олар Ұлжанға әншілік өнерін шыңдай түсуге үлкен әсер етті. Сол кездегі Алматы облысының ауатком төрағасы Мұсайбеков Ұлжанға: «Сен өнердің шыңын бағындыруға тиістісің», — деп қамқорлығына алды. Одан әрі ол Сүйінбай атындағы облыстык филармонияға ауысты. Ұжым директоры — Қабиден Кенжебекұлы Тұяқов болатын. Ұлжан бұл ұжымда Мәдина Ералиева, Нағима Ескалиева, Бақыт Шадаева, Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер, Ақжол Мейірбеков, Мұратбек Жүсіпбеков, Жақсылық Сәрсенғалиев, Рамазан Елебаевтармен үзеңгілес болды. Ұлжан осы ұжымда екі жылдай баянның сүйемелдеуімен ән салып жүрді, оның ән салу шеберлігі калықтай биікке көтерілді.

Ұлжан: «Сазген» ансамблі Панфилов саябағындағы мұражайда орналасқан. Шетелдік адамдар алдында концерттер қоямыз, әндер орындаймыз. Мен «Ах, Самара, городок», «Бүлдірген» әндерін орындауға кірістім. Ұжым директоры Қабекең менің ән салу өнеріме риза болып, беті бері қарады. Енді шетелдерге шығуға жол ашылды. Ол кісі әнші өнерін жете танитын, адамның мінез ерекшелігін айқын ажырата білетін, адам бетіне салық салып ұрыспайтынды. Ол концерт болып жатқанда сахнаның артында жүріп әншінің сыртқы пішінін, киім үйлесімін бақылап, зор көңіл бөлетін, — деді. Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы да келіп жетті. Осыған арнап облыс әкімшілігі басшылығымен кең жазықтықта ақшағаладай ауыл құрып, киіз үйлер тігілді. Облатком төрағасы Ахметжан Есімовтің көмегімен Ұлжан теледидарға шыға бастады. 1996 жылы Ұлжан Айнақұловаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Ұлжан: — Бір Алла және Жамбыл бабамыздың аруағы қолдады, — деп ағынан жарылды. Ол республикамыздың байтақ даласын, елді мекендерін аралап, концерттер беруді үдете түсті. Мәдина Ералиева, Жанар Айжанова үшеуі әншілікті бірге атқарып жүрді. Ұлжанның жалғыз қызы Әсем қазір 26 жаста. Ол техникалық жоғарғы оқу орнын бітірген. Бірақ бала күнінен ән салуды ұнатты. Сол талаппен Әсем Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетін бітірді.

— Ұлжан, сізге эстрада әншілерінің ішінде кімдер ұнайды, қандай сазгерлерді құрмет тұтасыз?

—  Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаеваның әндерді орындауына сүйсінемін. Рамазан Стамғазиевті өте дарынды әнші деп танимын. Мені әншіліктің шыңына шығарған Әсет Бейсеуов.

Сүйінбай, Жамбыл бабалардың қонысы Майтөбе жайлауы. Соған арналған «Майтөбе» әнін Жамбыл ауданы тұрғындары өздерінің ән-ұранына айналдырды. Ол әнді орындаушы Ұлжан. Әннің авторы әрі сазгері Жамбыл ауданындағы Сүйінбай мұражайының директоры Жолдасқан Құрамысов ақын, жазушы. Ол бала кезінен тауда, жайлауда өсті, Қастек азаматы. Суық төбеде оның әнін Ұлжан мектепте окыған жылдарда айта бастаған-ды. Оның орындауындағы «Сүйінбай» атты әні 2000 жылы «Жаңа ғасырға жаңа ән» ұранымен әйгіленді. Бұл байқау Ұлжанға бірінші орын әкелді. Оған қоса «Ер Қарасай» әнін де шырқайды. Ал, «Айнамкөз» әні бұдан 14 жыл бұрын шыққан-ды. Ұлжан: — «Айнамкөз» әнін барша ықыласыммен сүйіп орындаймын. Данияр Құрамысов әнді өңдеді. Қызым екеуміз қосылып, бірде осы әнді Исраил Сапарбаев алдында орындап бердік. Сонда ол кісінің көңілі қатты толғанды, үлкен ризашылығын білдірді, қызыма көрімдік бергені бар», — дейді.

1991 — 93 жылдары Ұлжанның екі альбом-дискісі жарыққа шығып, халықтың қызыға тыңдайтын үнтаспаға айналды.  Сол жылдары Қазақстан телеарнасында «Ән-шашу» атты бағдарламасында Ұлжан, Мәдина Ералиева, Бағдат Сәмединова, Майра Илиясова және Марат Омаровтар концертке қатысқан-ды. Ұлжанға Гран-при сыйлығы тапсырылды. Ұлжан Айнақұлованың «Қазағым-ай» үнтаспасына, «Майтөбе», «Гүл-гүл жайна», «Ай-күнім», «Наурыз көктем», «Майтөбе жайлауы-ай», «Дайдидау», «Ах, Самара қаласы», «Көңілің менде» әндері сап түзеген. Бұлар оның репертуарының бір белесі, Қазақстанның байтақ елді-мекенінде әншінің бұл күндері шабытының шырқау кезеңі. Ол Түркияда, Германияда, Моңғолияда, Қытайда, Мәскеуде өткен концерттерге қатысты. Ұлжан: — Мені радио белесіне Сауық Жақанова және музыка редакторы Төлебай Наров алып шықты, — деп осы жандарды аса ризалықпен еске алады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>