iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Айдарбаева Роза

Бұл мәлімет 231 рет қаралды

Айдарбаева Роза 2007 жылдың желтоқсан айының орта кезінде «бармағынан күй тамған» ҚР еңбек сіңірген әртісі Елордамыз Астанада «Ақжарма» күй кешінде көрермендер алдына Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры сахнасында туған өңірінің ерекше толқынды, сазды күйлер дәстүрін толқытып мейрамға парапар танытты. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Розаның  орындауындағы күйлерді көптен естіп жатқан  тыңдармандардың берімін. Ол өнер қонған тұқымнан, өнер қонған шаңырақтан. Роза күйден ештеме қалдырмай сарқып, түбіне, ақырына дейін аяқтап тартады, күйдегі сырды, мұңды, шерді түгел жеткізетін өте тегеурінді күйші», — деп өзінің кіріспе сөзін осылай бастап, кешті ашты. Еліміздің дарынды ақыны Фариза Оңғарсынова: — Алла Тағала қыз балаға талант берсе, жаны нәзік әйел затына өте ауыр. Маңғыстау күй мектебінің өнерін кең әлемге насихаттауда талмай келе жатқан Роза сіңіліміздің таланты мен адамгершілік бейнесін қатты қадірлеймін. Айдарбаева Розаның бүгінгі кешінен тәтті сезімдерге бөленіп шығатынымызға сенімім мол», — деп ыстық лебізін білдірді.

Журналист Гүлнәр Науырта: «Күй! Бағзы тарихты саз түбінде сызылта құлағыңа құйып, жүрегіңе қондыратын да — күй! Жаныңды небір тұңғиықтарға елітер, ерік пен көңілді өзіңнен бөліп алып, қоңыраулы керуен көшімен сыйқыр әлемге тілдестіретін де күй! Тартқанда қанаттандыратын, тыңдағанды үйіріп әкететін тылсым дүние ол», — деп Роза Айдарбаеваның осы концертіне арнап «Астанам — алтын ордам» атты мақаласында тебіренді. Әкесі Т.Айдарбаевтың «Сағыныш», Қ.Ахмедияұлының «Арпалыс» және тағыда басқа бірнеше күйлерді орындады. Зал толы, тыңдармандар қайта-қайта қол шапалақтап, тәнті болды. Роза Айдарбаева күй-айтысты тартуда, Құрманғазының «Адай» күйін Академиялық ұлт аспаптар оркестрінің қолдауымен желпінді, тегеурінді орындағанда залдағы халықтың арқасын қыздыра түсті. Осындайда күй құдыретіне, оны өмірге келтірген қазақ сазгерлерінің өнеріне қалайша желпінбеске? Роза Айдарбаева 1952 жылы койнауы мәдениеттің мұрасына мейілінше бай, жер асты мұнай байлығымен белгілі, өнерлі адамдардың өлкесі Маңғыстау облысы, Қаратау бауырындағы Таушық кентінде дүниеге келді. Оның әкесі Тайман Айдарбаев әрі күйші, әрі сазгер адам. Ол 25 тей күйлердің авторы. Анасы — Рахима әнші. Немере ағасы Байжабай : «Роза Бағлановадай елінің еркесі болсын», — деп өмірге келген сәбидің атын Роза қойған. Әкесінің сазгерлігі, күйшілігі, анасының әншілігі балғын Розаның өнерге деген ынтызарлығын ерте оятты. Ол алты жасында әкесінен Құрманғазының «Бозшолақ» күйін үйреніп, үй ішінде, қаумалаған көршілер алдында тарта бастады. Розаның алғашқы жеңісі 3 сыныпта оқып жүрген шағында кезекті өнер сайысында орындалды, бірінші орынды жеңіп алды. Көркемөнер үйірмесіне қатысып Тастановтың «Қазақ биі» атты күйін тартып жүрді. Тұщыбектегі мектеп қабырғасында және аудандық өнер сайыстарында тек бас жүлделерді жеңіп алатын. Роза онжылдықты тәмамдағасын 1970 жылы Атырау қаласындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Училищенің үшінші курсында оқитын Қадиша Балапашқызы Розаны ұстаз Біздақ Рзахановпен таныстырады. Ол Розамен танысқан шақта училищенің оқу ісі меңгерушісі еді, ал Қадиша Балапашова консерваторияда білім алған, Маңғыстау облысындағы алғашқы қобызшы. Розаға оның жиен апалық туыстығы бартұғын. Біздақ Рзаханов Розаға: — Не білесің, — деп сұрайды.

— Мен «Адай», «Сарыарқа» күйлерін тартамын.

—  Онда сен училищеге қабылдандым деп есепте, — деп бірден-ақ қабылдайды.

Училищеде Розаның ұстазы — профессор Ғиззат Әдепқалиев және Құбыш Мұхитов болды. Розаның музыка әуеніне деген жады керемет: пластинкадан естіген күйлерді жаттап алып, сол бойда орындай салады. 1974 жылы консерваторияны үздік дипломмен аяқтайды. Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы — композитор Кенжебек Күмісбеков болатын. Роза үшінші курста оқып жүргенінде экономика саласының маманы Ақмайов Мейраммен танысып, бірлесіп шаңырақ көтереді. Ерболат және Нұрболат есімді ұлдарын тәрбиелеп, өсірді. Роза мен Мейрамның Ерболаттан екі ұл, Нұрболаттан екі қыз немерелері бар.

Ғазиза Жұбанованың басқаруымен Қазақтың Мемлекеттік (ҚМ) Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар (АХА) оркестрі құрамында Италияға гастрөлдік сапармен алғаш рет Еуропада ұйымдастырылған концерттерде жас студент Роза Айдарбаева да қатысты. Бұл жолы Роза Ермек Серкебеаев, Бибігүл Төлегенова сияқты қазақ халқының әнші тарландарының керемет өнерлеріне куә болды. Оркестрдің бас дирижері — КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев. Роза Арам Хачатурянның «Қылыш биін», Ресей композиторларының шығармаларын орындауда жалындаған жастық шабытын оттай алаулатты. Консервторияны үздік аяқтап, ұлттық аспаптар бөлімінде ұстаздыққа қалдырылды. 1984 жылы Роза Тайманқызы Маңғыстау облысына қызметке ауысты. Ол журналист Есенбай Құлиевке берген сұхбатында («Үш қиян» газетінің бетінде): «Сол кезде Маңғыстау маржандары» ансамблі құрамына осы өлке топырағынан шыққан не бір өнер саңлақтары жиналған еді. Олар: қобызшы Қадиша Балапашова, ансамбльдің көркемдік жетекшісі Орын Құлсариев, әнші Ақсұлу Құдабаева, биші Жеміс Сүйеуова, музыкант Айболат Өтеков, ән серісі Жабал Құдабаев (марқұм) т.б. болатын. Сол құраммен фольклорлық ансамбльдердің Алжирде өткен Дүниежүзілік фестивалінде лауреат атанып, бірнеше рет Мәскеу мен Алматыда концерттер бердік, — дейді. «Әлі есімде, 1986 жылдары, Сержан, Тұрсынғали ағаларымыздан басқа «Ақжарма», «Жалдықара» сияқты күрделі күйлерді сауатты орындайтын адам саусақпен санаулы еді… Содан Маңғыстаудың 21 күйін алғаш рет нотаға түсірдім», -деп ойын жалғастырған. Роза Айдарбаева Маңғыстаудың дәстүрлі күй мектебін насихаттау мақсатында жеңін сыбанып ұстаздыққа кірісті. 1987 жылы Ақтаудың музыкалық мектебіне орналасып, ұстаздығымен көптеген шәкіртерді өнердің салиқалы жолына қанатандырды. 1992 жылы облыстық филармонияға жеке орындаушы және «Ақжарма» фольклорлық ансамбліне жетекші домбырашы болып қызметке орналасты. Сол шақта Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ ұлт аспаптары оркестрі бой көтерді. Бұл игілікті іске Маңғыстаудың талай өнерпаздары ат салысты. Ол ұжыммен бірге Түркия, Қытай, Франция елдеріндегі фестивальдерге қатысып, елге абыроймен оралып жүрді. Сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев Розаны Түркияда өтетін Дүниежүзілік фестивальге қатысушылар тізіміне кіргізді. Оған көптеген мұсылман елдерінің өнерпаздары қатысты. Бұл жолыда Роза тағы да жүлдегер атанды.

1993  жылы Актау қаласында Маңғыстау өнер колледжі ашылды. Енді Роза Айдарбаеваның шығармашылық өмірі, ұстаздығы осы оқу ұжымымен тығыз байланысты. Сонымен қатар ол филармонияда прима-домбырашы. Оған 1995 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттык консерваториясының құрметті профессоры атағы берілді. Маңғыстау мәдениет ескерткіштерін, жырауларының шығармаларын түбегейлі зерттеген Қабибола Сыдиықұлы: «Роза екінің бірі біле бермейтін халық сазгерлері Қоңырдың «Қоңыр», «Замана», «Өттің өмір», Есір Науша, Есбай, Абыл күйлерін, әкесі Тайман шығарған «Сағыныш», «Сапар», «Жас қыран», өзі шығарған «Балдырған», «Маңғыстау» күйлерін құйқылжыта орындайды. Әсіресе, ол Өскенбайдың «Бұлбұл Ақжелеңін» орындағанда — ерекше шабытқа бөленіп, қанатын қомдана қағып, көтеріліп бара жатқан қырандай тебіреніп отырады», — деп жазған-ды. Роза Тайманқызының репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Тәттімбет, Қазанғап, Сәйтек, Сүгір, Есжан, Ақбикеш, Дайрабай күйлерімен үзеңгілес Маңғыстаудың халық сазгерлері  Абыл, Есір, Есбай, Құлшар, Өскенбай, Қазақстан композиторлары Ахмет Жұбанов, Кенжебек Күмісбеков, Нұрғиса Тлендиев және тағы да басқалардың ұзын саны 250-ден астам шығармалары қамтылған. 1994  жылы Маңғыстау облыстық филармониясы жанында Абыл атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Мұнда Роза Айдарбаева концертмейстер. Осы жылы бұл ансамбль құрамында ол Қытайда өткен фестивальге барды. Жат жерлік тыңдармандар ансамбль әртістерінің өнерлеріне таңқалысып, оларға ерекше сыйлықты бел гілер берді. Ансамбль Тибетке сапар шекті. Сол жолы Роза Құлшардың «Кербез келінін» тартады. 1996 жылы Роза Тайманқызы Айдарбаеваға Қазақстан Президенті жарлығымен ҚР еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бұл оның ұзақ жылдар бойғы өнер жолындағы табысты еңбегін құрметпен бағалау. Оған 1992 жылы «Республика ағарту ісінің үздігі» белгісі берілді, ал 1997 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген халқымыздың ұшкырлы мәтіні бар. Роза: — Маған күй үйреткен Тайман әке, Сержан аға, Ізбасар аға болса, мен де көп жылдар бойы өз бойымдағы өнерімді жас өрендерге өнегелеу жолында тер төгіп келемін. Шәкірттерім Меруерт Күмісқалиева Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алды. Эльмира Мырзағалиева Республикалық өнер сайыстарының жеңімпазы, Абылай Тлепбергенов та республикалық сайыс жүлдегері, Дина Ғалымқызы консерваторияны үздік дипломен бітірді, — дейді. 2003 жылы Маңғыстау облыстық филармониясында Роза Айдарбаеваның шығармашылық кеші салтанатты түрде өтті. Облыстық әкімшілік пен облыстық Маслихат мерейтой иесіне құрмет мақтау қағазын берді. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы бірлестігі өрнектелген домбыра сыйлады. Оның 33 күйден жиналған күй дискісін тыңдармандар қызыға тыңдайды. Роза Айдарбаева Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдык мерейтойына арнап күй шығарып, жиын тойда салтанатпен орындады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>