iKaz.kz Қазақстандық ашық мәліметтер порталы

 

 

Агрометеорология түсінігі

Бұл мәлімет 667 рет қаралды

Агрометеорология — бұл метеорологиялық, климаттық және гидрологиялық жағдайларды, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі объектілер мен үрдістердің өзара қатынастарын зерттейтін ілім. Оның негізгі метеорологиялық шамаларына әуенің қысымы, ауаның температурасы, ауаның ылғалдылығы, бұлттану, әуенің жауын-шашындары, жел жатады. Бұдан басқа метеорологиялық көрсеткіштерге күн радиациясы, оның спектрлік құрамы, күннің ұзақтығы біріктіріледі. Тап осы жер мен сол мезгілде болған әуенің метеорологиялық нақты шамаларының жағдайы ауа райы деп аталады. Жағрапиялық орнына байланысты белгілі бір аймақтың көп жылдық ауа райының ережесін климат деп атайды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және сапалы өнімін алу үшін агроклиматтық қорларды дұрыс анықтап тиімді пайдаланудың зор маңызы бар. Жергілікті аймақтың метеорологиялық жағдайларына қарай бейімделген топырақты өңдеу, тұқымды себу, өсімдіктерді өсіру кезеңінде күтіп-баптау, өнімді жинау және тағы басқа агротехникалық шараларды сәйкестендіріп, ең тиімді түрлері қолданылады. Әуе. Күн радиациясы. Жер планетасының сыртындағы газ қабатын әуе немесе атмосфера деп атайды. Әуедегі газ қоспаларын ауа дейміз. Оның құрамындағы негізгі газдар: азот (78%), оттегі (21%), аргон (0,9%), көмір-қышқыл газы (0,033%). Одан басқа ауада адамның іс-әрекетінен және табиғи тегіне байланысты қатты және сұйық бөлшектер болады. Оларды аэрозоль деп атайды. Әуені бес негізгі қабатқа бөледі: тропосфера, стратосфера, мезосфера, термосфера, экзосфера. Әр қабаттардың арасында тропопауза, стратопауза, мезопауза және т.б. қабаттары ажыратылады. Жер бетіндегі және әуедегі өтетін физикалық үрдістердің негізгі қуат көзі — күн радиациясы. Әуеде радиацияның 3 түрі байқалады: тікелей, шашыранды, шағылған. Сәуле қуаты толқындарының ұзындығы бойынша бөлінуін спектр деп атайды. Күн спектірі үш бөлікке бөлінеді: ультракүлгін толқындар, көзге көрінетін толқындар, инфрақызыл толқындар. Фотосинтез үрдісіне спектрдің барлығы емес, тек оның толқындарының ұзындығы 0,38-0,71 мкм болғандары ғана тікелей қатысады. Оны фотосинтетикалық белсенді радиация (ФБР) деп атайды. Тәуліктің жарық кезеңінің ұзақтығы жылдың уақытына және жағрапиялық белдеулеріне байланысты өзгереді. Өсімдіктерді күннің ұзақтығына қоятын талаптарына қарай үш топқа бөледі: қысқа күннің, ұзақ күннің өсімдіктері және бейтарап өсімдіктер.

Топырақ пен ауаның температуралық ережесі. Жер бетіне сіңген күн радиациясы жылуға ауысады. Сол жылудың бір бөлігі жер бетіне жақын әуенің жылуына, судың булануына жұмсалады, ал басқа бөлігі топырақтың төменгі қабатына сіңеді. Тәулік бойы күн радиациясының жерге түсу мөлшері әр түрлі болатындықтан, топырақтың температурасы өте кең аралықта өзгеріп отырады. Топырақта жылудың ауысуы көбінесе молекулярлық жылу өткізгіштігі арқылы жүреді. Топырақтың төменгі қабатына қарағанда оның беткі жылуы жоғары болған кезде (күндіз, жазда), жылу ағымы жер бетінен топырақтың төменгі қабаттарына қарай бағытталады. Топырақтағы температураның осындай жайласуы инсоляция типі деп аталады. Топырақтың үстіңгі қабатының температурасы астыңғы қабаттан төмен болған кезде (түнде, қыста), жылудың ағымы үстіңгі қабатқа қарай бағытталады. Топырақтағы температураның осындай жайласуын сәулелену типі деп атайды. Топырақтың физикалық жылу көрсеткіштеріне топырақтың жылу сыйымдылығы, жылу өткізгіштігі жатады. Топырақтың физикалық жылу көрсеткіштері көбінесе топырақтың ылғалдылығына, түсіне, тығыздығына және құрылымына байланысты өзгереді. Өсімдіктердің тіршілігі белгілі бір ауа температуралары аралығында өтеді. Ауыл шаруашылығы өндірісінде температуралық ереженің қолданбалы көрсеткіштері мыналар: орташа, тәуліктік, айлық, жылдық температуралар; ең төменгі (минималды), ең жоғарғы (максималды) температуралар; температураның өзгеру амплитудасы; белсенді температура жиынтығы. Топырақ пен ауаның жылу ережесін сипаттайтын көрсеткіштері сынап, спирт, биметал, электрлік термометрлердің көмегімен анықталады. Әуе мен топырақтағы ылғал (су). Өсімдіктердің тіршілігінде ылғал (су) маңызды факторлардың бірі болып табылады. Топырақтағы ылғал мөлшері бірнеше көрсеткіштермен сипатталады: өсімдіктердің солу ылғалдылығы, ең төменгі су сыйымдылығы, өнімді ылғал. Әуедегі су буының пайыз мөлшерін ауаның ылғалдылығы деп атайды. Ол бірнеше көрсеткіштермен сипатталады: су буының үлес қысымы, қанықтырылған буының қысымы, абсолютті және салыстырмалы ылғалдылық, су буының тапшылығы, шық нүктесі. Ауа мен топырақтағы ылғал мөлшері әуедегі жауыншашындарға байланысты. Оларды қатты, сұйық және аралас деп үш түрге бөледі. Сұйық жауын-шашындарға ақ жаңбыр, нөсер жаңбыр және сіркіреп жауатын жаңбыр, қаттысына қар, қар мен мұз жармалары, қар түйірі және басқа, ал аралас жауын-шашынға суланған қар жатады.

Солтүстік Қазақстан аумағында жауын-шашынның мөлшері солтүстікте 350 мм-ден (Солтүстік Қазақстан облысы), орталықта (Қарағанды облысы) 200мм дейін азаяды. Жылы кезеңде 117-227 мм ылғал түседі. Қыста жер бедеріне байланысты қалыңдығы 20-60 см қар түседі, ал оның тығыздығы 0,01-0,60 г/смЗ аралығында өзгереді. Солтүстік Қазақстан облыстарында топырақты сыдыра жыртып өңдеу игерілген. Бұл тәсіл топырақ бетінде аңыз паясын (жиналғаннан кейін қалған астық сабағы) сақтауға, соның әсерінен қыста қар тоқтауға, ал терең қопсыту қар суын-сіңіруге жағдай жасайды. Сүрі жер танабында екі жылғы жауын-шашынның қоры жинақталады. Жел және басқа метеорологиялық құбылыстар. Жер бетіне қарай горизонталь бағытта ауаның қозғалуын жел деп атайды. Тұрақты желдердің, яғни бір бағытта соғатын желдердің пайда болуы жер планетасының әр түрлі белдеулердегі әуе қысымының жоғары немесе төмен болғанына байланысты. Жер бетіндегі желдер әуе қысымы жоғары болған белдеулерінен экваторға қарай соғады. Мұндай желдер пассат деп аталады. Одан басқа жыл бойы бағытын екі рет өзгертетін (экваторға қарай және керісінше) желдер муссондар болады. Желдің ауыл шаруашылығындағы маңызы өте жоғары: жел мұхиттар мен теңіздерде қалыптасатын ылғалдылығы жоғары ауаны құрылыққа әкеліп, ауыл шаруашылығы егістіктерін жауын-шашынмен қамтамасыз етеді, жел арқылы өсімдіктердің тозаңдану үрдісі жүреді. Желдің зиянды әсері де болады: топырақ бетінен ылғалдың булануын күшейтеді, топырақ эрозиясын туғызады, күшті желдер үйлерді қиратады, ағаштарды сындырады, егіннің жапырылуына себеп болады, шаң борандарды қалыптастырады. Жекелеген аймақтарда жергілікті самал, таулы-аңғар, фён, бора желдері ажыратылады. Желдің жылдамдығы мен оның бағытын флюгер, қол анемометрлерімен өлшейді. Кейбір кездерде ауыл шаруашылығына зиян келтіретін метеорологиялық құбылыстар байқалады: жылдың жылы кезеңінде ызғар, бозқыраулар, қуаңшылық аңызаң жел, бұршақ, қара дауыл, нөсер жаңбыр, суық кезеңде күшті аяздар, көктайғақ, т.б.

Солтүстік Қазақстанда жиі кездесетін құбылыстардың бірі — қуаңшылық, аңызақ жел. Қуаңшылықпен күресу шаралары — құрғақшылыққа төзімді дақылдар мен сорттарды өсіру, агротехникалық және мелиоративтік шараларды қолдану (орман алқаптарын отырғызу, аңыз паясын сақтау, топырақ қорғау жүйесін қолдану, т.б). Боз-қыраулармен күресу шараларына ауыл шаруашылығы егістерін түтіндету, суару және т.б. жатады. Климат. Жағрапиялық орнына байланысты белгілі бір аймақтың көпжылдық ауа райының ережесін климат деп атайды. Климат түзуші факторлар: күн радиациясы; әуенің айналуы (циркуляциясы) және жердің төсеніш беті. Жер жүзінде академик Л.С.Бергтің жіктеуі бойынша 12 климаттың тип бар:

  1. Мәңгі аяз климаты;
  2. Тундра климаты;
  3. Тайга климаты;
  4. Жапырақты орман қоңыржай аймағының климаты;
  5. Муссон климаты;
  6. Дала климаты;
  7. Жерорта теңізі климаты;
  8. Субтропикалық ормандар аймағының климаты;
  9. Материк ортасындағы қоңыржай белдеудегі шөп даланың климаты;
  10. Тропикалық шөл даланың климаты;
  11. Саванна немесе тропикалық орман дала климаты;
  12. Ылғалды тропик орманының климаты. Жылдың жылы кезеңінде мынадай агрометеорологиялық байқаулар жүргізіледі:
  13. Фенологиялық байқаулар;
  14. Егіс жиілігін анықтау;
  15. Өсімдіктердің биіктігін өлшеу;
  16. Егістердің ластануын анықтау;
  17. Қолайсыз метеорологиялық құбылыстар мен өсімдіктердің зақымдануын анықтау;
  18. Өсімдіктердің зиянкестер мен аурулардан зақымдануын анықтау;
  19. Егістердің жапырылуын байқау, сабан мен дәннің ылғалдылығын және оның қолайсыз жағдайда өніп-өсуін байқау;
  20. Егістердің жағдайын көз мөлшері тәсілімен бағалау;
  21. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімдерінің өнімділік әлементтері мен құрылымының қалыптасуын байқау;
  22. Танаптың (жерді нашарлатып алмау үшін әр жылы әр түрлі егіс егіп, егістің түрі қайта айналып егілгенше сол жерді танап деп атайды) жұмыстардың жүргізілуін байқау, оларды бағалау және оларға климаттың әсерін байқау;
  23. Жайылымдардың жағдайына байланысты малдарды жаю;
  24. Ауыспалы егістер танаптарында топырақ ылғалдылығын байқау.

Агротехника тәсілдерінің агрометеорологиялық негіздері. Солтүстік Қазақстанның климаты құрғақшылықпен сипатталады және ол жиі (онжылдықта 2-4-ке дейін) қайталанып тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарын жерсіндіргенде олардың құрғақшылыққа төзімділігін ескеру керек. Суға талабы жоғары дақылдарды суармалы жерлерге шоғырландырып сепкен жөн. Ауыл шаруашылығы даңылдарын өсірудегі маңызды агротехникалық шаралардың бірі — топырақты негізгі және себу алдындағы өңдеу болып табылады. Бұл ылғал жинақтау мен сақтауға және арамшөптерді жоюға мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстанда агрометеорологиялық қорларды тиімді пайдалану үшін ауыспалы егістердің маңызы жоғары. Ауыспалы егістегі ең жақсы алғы дақылы — сүрі танап. Ол ылғал жинақтауға, арамшөптермен күресуге мүмкіндік береді. Сүрі танапта тыңайтқыштарды енгізу ауыл шаруашылығы дақылдарының топырақтағы ылғалды тиімді пайдалануға мүмкіндік туғызады. Танаптарда ылғал қорын жинақтайтын арнайы агротехникалық тәсілдерге қар тоқтату, ықтырмалы дақылдарды себу, т.б. жатады. Топырақтың жылулық ережесін реттеуді кейбір тәсілдермен іске асыруға болады. Мысалы, топырақты терең қопсыту оның жылу ережесін жақсартады. Кейбір жағдайларда топырақ бетін ақшыл (сабанмен) немесе қара (торф) заттарымен жабындайды. Сабан топырақтың сәулеленіп Шағылыстыру қабілетін арттырады, судың булануын азайтады, температураны төмендетеді, температураның тәуліктік ауытқуын реттейді. Топырақ пен өсімдіктің жылылық ережесін жақсарту үшін дақылдардың биологиялық ерекшеліктері мен жылуды қажетсінуіне қарай әр алуан экспозициялы баурайларға биік жалды және жүйектеп себу тәсілдерімен дақылдарды орналастырады.

Ответить

Ваш email нигде не будет опубликован. Обязательные поля отмечены *

Вы можете использовать HTML теги и атрибуты <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <s> <strike> <strong>